Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының Сатыбалды ауылында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ерекше қайырымдылық шара өтті. Ауылнай Руслан Сарбаев 2026 жылы дүниеге келген төрт сәбидің әрқайсысына 200 мың теңгеден қаржылай қолдау көрсетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аталмыш ауылда бүгінде 253 адам тұрады. Жыл басынан бері төрт сәби дүниеге келген. Осы қуанышты оқиғаға орай ұйымдастырылған шараға Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов арнайы қатысып, жас аналарды құттықтап, ауылнайдың бастамасына алғыс білдірді.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, халық пен билік арасындағы ынтымақтастық әділетті қоғам құрудың басты негізі болып табылады. Ауылнайдың міндеті жергілікті тұрғындармен, әкімдікпен, кәсіпкерлермен және қоғам белсенділерімен бірлесе жұмыс істеп, ауылды көркейту. Бүгінгі шара сол бірліктің, аналарға деген құрмет пен жас отбасыларға деген қолдаудың жарқын үлгісі. Руслан Самиғоллаұлының бұл бастамасы ауылдың болашағына деген үлкен сенім мен қамқорлықтың белгісі, – деді аудан әкімі Асланбек Сарқұлов.
Салтанатты шарада жас аналар Нұрлы Қайырғалиқызы, Гүлдана Әділбекқызы, Аяжан Русланқызы және Әсел Бейбітқызына арнайы сертификаттар табысталды. Ауыл тұрғындары да ауылнайдың бұл игі бастамасын ерекше ықыласпен қарсы алды.

– Руслан ағамыздың бұл қолдауы біз сияқты жас отбасылар үшін үлкен демеу болды. Қазақта «Берсең балаға бер» деген жақсы сөз бар. Бұл қаржылай көмекті баламыздың несібесі деп қабылдаймыз. Осындай қуанышты сәттің Халықаралық әйелдер күні қарсаңында болуы бізге ерекше сезім сыйлады, – деді жас ана Нұрлы Қайырғалиқызы.
Жиында сөз алған тұрғындар елімізде болып жатқан Конституциялық реформаға қолдау білдіріп, алдағы референдумға қатысуға ниетті екенін айтты.
Айта кетсек, соңғы жылдары «Қаладан – ауылға» бағдарламасы аясында Сатыбалды ауылына 2024 жылы бір отбасы, 2025 жылы тағы бір отбасы көшіп келген. Биыл тағы бір отбасының қоныс аударуы жоспарланып отыр.
Жалпы Казталов ауданында 47 елді мекен, 16 округ орталығы бар. Қазіргі таңда округ орталықтарынан бөлек, 31 елді мекенде ауылнайлар қызмет атқарып келеді. Ауылнайлар институтын дамыту мақсатында өткен жылы Казталов ауданы орталығында «Ауыл – береке мен бірліктің қайнар көзі» атты І ауылнайлар форумы ұйымдастырылған болатын.
Айтқандай, жаңа Конституция жобасында адамға бағдарланған мемлекет моделі айқындалып, білім мен цифрландыру ерекше мәртебеге ие болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







