Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай халыққа жолдаған Үндеуін қолдау және іске асыру мәселелері талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кеңейтілген алқалы жиынға университет басшылығы, белгілі ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы, белсенді студенттер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Басқосуда Президент Үндеуінің елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызы және Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жаңа міндеттер сөз болды.
Жиынды ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы, ректоры Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысының Үндеуі тарихи кезеңнің мазмұнын айқындайтын маңызды құжат екенін атап өтті. Ол Президент сөзін мінберден оқып беріп, ондағы әр қағидаттың білім мен ғылым саласы үшін мәніне тоқталды.
Ректордың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Үндеуінде «Заң мен тәртіп», «Еңбексүйгіштік пен өрлеу», «Тазалық пен табиғатты аялау» сияқты жасампаз құндылықтарды қоғамда берік орнықтыру қажеттігін нақты айтты. Бұл міндет еліміздің зияткерлік және ғылыми әлеуеті шоғырланған университет ұжымына да үлкен жауапкершілік жүктейді.

Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың басты міндеті Президент белгілеген құндылықтарды өскелең ұрпақтың бойына сіңіру екенін жеткізді. Оның сөзінше, жаңа Конституцияның күшіне енуі ел тарихындағы жаңа дәуірдің басталуын білдіреді. Ол саяси, экономикалық және қоғамдық реформаларға кең жол ашады.
Университет басшысы Конституция күнінің «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтуінің символдық мәні бар екенін де атап өтті. Бұл ұлттық жаңару дәстүрлерін Ата заңдағы негізгі құндылықтармен, яғни ынтымақпен, озық біліммен және адал еңбекпен ұштастырады.
Жиында жаңа Конституция мемлекет пен азаматтық қоғам институттарын, соның ішінде жоғары білім беру жүйесін жаңғыртудың берік негізі екені айтылды. ҚазҰУ ғалымдары мен профессорлары Президент Үндеуінде көрсетілген басымдықтарға ғылыми-сараптамалық тұрғыдан қолдау білдірді.

Алқалы басқосуда сөз алған оқытушылар мен саясаттанушы ғалымдар жаңа Ата заң жастарға жаңа мүмкіндік ашатынын айтты. Олардың пікірінше, Конституция білімді, еркін және жасампаз буынның ел басқаруға, ғылымды дамытуға және экономиканы өркендетуге қатысуына жол ашады.
Іс-шара барысында ректор Жансейіт Түймебаев Басқарма төрағасының орынбасары, бірінші проректор міндетін атқарушы Самғат Ермекбаевқа жаңа Конституция кітабын табыстады.
Сонымен қатар жаңа Конституцияның мәні мен маңызын түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысқан, ел игілігіне бағытталған шараларға үлес қосқан бірқатар қызметкер мен оқытушы Ректордың Алғыс хатымен марапатталды.
Жиынды қорытындылаған Жансейіт Түймебаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы Мемлекет басшысының саяси бағытын қолдайтынын мәлімдеді. Университет Әділетті Қазақстанның іргетасын нығайту жолында өзінің зияткерлік, ғылыми және кадрлық әлеуетін жұмылдыруға дайын екенін жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







