Алматы облысында білім беру саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өңірде жаңа мектептер салынып, ескі білім ошақтары жаңартылып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
2026 жылдың наурыз айының соңына дейін облыста жалпы 7200 орындық 9 «Келешек мектебінің» құрылысы аяқталмақ. Бұл жобалар үш ауысымды оқытуды азайту және оқушы орындарының жетіспеу мәселесін шешуге бағытталған.
Жаңа мектептердің бесеуі үш ауысымды оқытуды жою үшін салынып жатыр. Олар Алатау қаласының Қоянқұс ауылында, Іле ауданындағы Тілендиев ауылында, Қарасай ауданындағы Бұлақты ауылында және Талғар ауданындағы Тұздыбастау мен Жалқамыс ауылдарында орналасқан.
Ал қалған төрт мектеп Еңбекшіқазақ ауданындағы Сатай мен Ащысай ауылдарында, сондай-ақ Талғар ауданындағы Қызылту және Көктал ауылдарында бой көтеруде. Бұл нысандар оқушы орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
Осы жұмыстардың нәтижесінде облыста үш ауысымда оқитын мектептер саны 28-ден 23-ке дейін қысқарады. Сонымен қатар өңірде 13 мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 10,9 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат бірқатар аудандардағы білім нысандарын жаңартуға бағытталған.
Жөндеу жұмыстары Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай, Кеген, Талғар, Ұйғыр аудандарында және Қонаев қаласында жүргізілуде. Атап айтқанда, бірнеше мектеп толық жаңартылып, заманауи талаптарға сәйкестендірілуде.
Қазіргі уақытта екі мектеп – Еңбекшіқазақ ауданындағы Масақ орта мектебі мен Талғар ауданындағы Белбұлақ ауылындағы №10 мектеп пайдалануға берілген. Қалған 11 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары 2026 жылдың маусым-шілде айларында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Жалпы, бұл бастамалар облыста білім сапасын арттыруға және оқушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі.
Биыл Алматы облысында биыл агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында жалпы құны 44,6 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







