Түркістан облысы Бәйдібек ауданында «Болашақ мектептері» ұлттық жобасы аясында 300 орындық жаңа білім ошағы қолданысқа берілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шаян ауылында бой көтерген №1 жалпы орта мектептің салтанатты ашылуына облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жергілікті тұрғындарды маңызды әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтады.
Жиында сөз сөйлеген өңір басшысы Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан ұлттық жобаның басты мақсаты – ауылдық жерлердегі білім инфрақұрылымын жаңғырту, балалардың қауіпсіз әрі заманауи жағдайда білім алуына мүмкіндік жасау екенін атап өтті.
– Бүгінгі жаңа мектептің ашылуы Бәйдібек ауданындағы білім сапасын арттырып, ауыл балаларының заман талабына сай білім алуына жол ашады. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Келешек мектеп» жобасы аясында республика көлемінде 217 мектеп салынуда. Соның 29-ы немесе 13 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Аймақта бұл бағыттағы жұмыс қарқынды жалғасуда. Біздің басты міндетіміз – ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты жою, – деді облыс әкімі.

Биыл өңірлік бюджет есебінен 17 білім беру мекемесінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, облыстағы 41 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған, оның 25-інде жұмыс толық аяқталды.
Бүгінде еліміз бойынша 8 мыңға жуық мектеп болса, соның мыңнан астамы, яғни шамамен 14 пайызы Түркістан өңірінде орналасқан. Аймақтағы білім ордаларында 550 мыңнан астам оқушы оқиды. Биылдың өзінде өңірде 48 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған.
«Болашақ мектептерінің» алғашқы толқыны
Бәйдібек ауданындағы жаңа мектептің құрылысына 3,5 млрд теңге қаржы жұмсалған. Ғимарат 2,8 гектар аумақты алып жатыр, жалпы ауданы – 5700 шаршы метр. 300 оқушыға арналған мектепте оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
Осы күні Ордабасы ауданында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған Өнер мектебі де өз есігін ашты. Темірлан ауылындағы жаңа нысан ауданның рухани дамуына серпін беріп, жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Мектеп құрылысына 870 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалып, нысан небәрі сегіз айдың ішінде бой көтерген.

Өнер мектебі 300 оқушыға шақталған, мұнда балалардың музыкалық білім алып, шығармашылық қабілеттерін шыңдауына толық мүмкіндік жасалған. Ғимарат ішінде мәдени шараларға арналған 150 орындық концерт залы, кітапхана, топтық дәріс бөлмелері, ұлттық аспаптар, гитара және фортепиано кабинеттері жабдықталған.
– Сіздерді жаңа мектептің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мұнда балалардың білім алуы үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Мемлекет тарапынан оқушылар мен мұғалімдерге үлкен қолдау көрсетілуде. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Келешек мектеп» жобасы аясында елімізде 217 жаңа білім ордасы салынуда, оның 29-ы Түркістан облысында бой көтерді. Осы жаңа оқу орындарында білім сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс. Бұл ретте білікті ұстаздарға үлкен үміт артамыз. Жас ұрпақ терең білім алып, тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосар азамат болып өссін! – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Ашылу салтанатында сөз алған Бәйдібек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағдат Қалаубай ауыл тұрғындарының атынан білім саласына көрсетілген қолдау үшін алғысын білдірді.
Жаңа мектептің ашылуы өңірдегі білім саласын дамытудағы жүйелі жұмыстың нақты көрінісі. Алдағы уақытта да Түркістан облысының әкімдігі өскелең ұрпаққа сапалы білім беруге және білім беру инфрақұрылымын жетілдіруге ерекше назар аударатын болады.

