Қазақстанда балалардың денсаулығы мен дамуына зиянды ақпарат таратуға тыйым салынды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені реттейтін заңға қол қойды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа заң талаптары бойынша, БАҚ, интернет желілері мен басқа да ашық ресурстарда педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық қатынасты (атышулы ЛҒБТ, ред.) насихаттайтын ақпарат таратуға шектеу қойылады.
Бастама балалардың денсаулығы мен психологиялық дамуына кері әсер ететін контентті азайтуды көздейді.
Айта кету керек, Сенат заң жобасын осы айдың басында екі оқылымда мақұлдаған еді. Қоғамның бір бөлігі мен халықаралық ұйымдар құжатты өткір сынға алды. Ақпарат министрлігі заң жобасының былтырғы петициядан кейін қолға алынғанын және талқылауға ҮЕҰ мен халықаралық сарапшылар тартылғанын хабарлады. Заң мәтіні ресми жарияланады.
Контекст
Жаңбыршин атындағы заң ретінде тарихта қалған құжат қоғамның басым көпшілігі тарапынан қолдауға ие болған.
Депутаттардың сөзінше, заң жобасының басты мақсаты жас ұрпақты зиянды ақпараттан қорғап, олардың санасында ЛҒБТ-ны жағымды етіп көрсетуге тосқауыл қою.
«Бұл топ біздің қасиетті шаңырағымызда тайраңдап, ұлттық құндылықтарымызды аяққа таптады. Ұлттық фольклорда гомосексуализм бар деп тұтас халыққа жала жапты. Олар мектептерге барып, ашық әрі заңсыз насихат жүргізді. Әлеуметтік желілер арқылы жеке өмірлері мен жыныстық қарым-қатынастарын ашық көрсетіп, жастарды азғындыққа итермелеп жатыр. Мұндай жағдайларға үнсіз қалуға болмайды», – деді депутат.

