Табиғатқа шыққанда көпшілік кене мен масадан қорғану үшін түрлі репеллент қолданады. Бірақ бұл құралдарды дұрыс пайдаланбаса, пайдасынан зияны көп болуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Репеллент жәндіктерді үркітетін химиялық зат. Олар адамның иісін «тартымсыз» етіп, маса мен кененің жақындауына жол бермейді. Мұндай құралдар спрей, крем, гель немесе лосьон түрінде шығарылады.
Олардың құрамында әртүрлі заттар болады. Соның ішінде ең кең тарағаны ДЭТА (диэтилтолуамид). Бұл тиімді болғанымен, белгілі бір мөлшерде уытты затқа жатады. Мамандардың айтуынша, ДЭТА дұрыс қолданылса қауіпсіз. Бірақ ол тері арқылы ағзаға өтіп, аллергия немесе улану белгілерін тудыруы мүмкін. Әсіресе бетке жағу қауіпті, себебі термен бірге көзге, ауызға түсуі ықтимал.
Улану белгілеріне бас ауруы, әлсіздік, ашушаңдық, жөтел және тері тітіркенуі жатады. Сирек жағдайда ауыр асқынулар да болуы мүмкін. Сондықтан репеллентті мүмкіндігінше теріге емес, киімге жағу ұсынылады. Киімде оның әсері ұзақ сақталады және қауіп азаяды.
Егер теріге жағатын болсаңыз, тек таза әрі зақымданбаған жерге ғана қолдану керек. Жара, сызат немесе дерматит бар болса, жағуға болмайды.
Балалар үшін арнайы балаларға арналған құралдарды қолданған дұрыс. Олар құрамында жеңіл әрі табиғи заттар болады. Ыстық ауа райында репеллент қолдануды шектеу керек. Себебі жоғары температурада олардың әсері өзгеріп, аллергия қаупі артады.
Сондай-ақ құралды нұсқаулықта көрсетілген мөлшерден артық қолдануға болмайды. Ұзақ уақыт бойы үздіксіз пайдалану да қауіпті. Репеллентті таңдағанда міндетті түрде сертификатына назар аудару керек. Сенімсіз өнімдер денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Қарапайым қорытынды – жәндіктен қорғану маңызды, бірақ денсаулық одан да маңызды.
Көз дәрігерлері көздің саулығын сақтап, көру қабілетін жақсарту үшін қажетті дәрумендер мен микроэлементтер туралы тілшілерімізге айтып берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







