Кербұлақ ауданында заманауи кітапхана құрылысы аяқталуға жақын, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір аудандық кітапхана ауыл әкімдігінің ғимаратында орналасқан. Ал балалар кітапханасы Әбікен Сарыбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде жұмыс істеп тұр. Аудан кітапханаларындағы жалпы кітап қоры 53 мың данаға жуық, оқырман саны 58 мыңнан асады.
Жетісу облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменовтің айтуынша, облыс бойынша жыл соңына дейін жалпы саны тоғыз мәдениет нысаны пайдалануға беріледі. Оның ішінде Сарыөзек ауылындағы кітапхана да бар.
– Президент атап өткендей, кітапхана желісін дамытуға ерекше көңіл бөлгеніміз жөн. Қазіргі таңда облыста жұмыс істеп тұрған 150 кітапхананың жалпы кітап қоры 2,8 миллион данадан асты. Сарыөзектегі заманауи кітапхана құрылысы өткен жылы басталған болатын. Жергілікті халық көптен күткен бұл нысан жазға дейін ашылады деп жоспарлап отырмыз, – деді Қуаныш Сүлейменов.

Жаңа кітапхана екі қабаттан тұрады. Оның басты ерекшелігі – әртүрлі жас санаттарына арналған бірнеше оқу залының болуы. Мәселен, мектеп жасына дейінгі балалар, оқушылар және ересектер үшін арнайы оқу залдары қарастырылған. Сондай-ақ ақпараттық-анықтамалық зал, медиатека, көбейту зертханасы мен ауқымды кітап сақтау орны салынады. Қазіргі уақытта нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарының 70 пайызы аяқталған. Жазға дейін халық игілігіне берілуі тиіс.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін облыстың бірнеше ауданында тағы сегіз мәдениет үйінің құрылысы аяқталады. Атап айтқанда, Ақсу ауданының Арасан, Есеболатов, Матай ауылдарында, Алакөл ауданының Екпінді, Көлбай, Балапанов ауылдарында, Талдықорған қаласының Еркін ауылында жаңа мәдениет үйлері салынады. Ал Қаратал ауданы Қаражиде ауылында блокты-модульді клуб пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Жетісу облысының жастары Талдықорғанда ауқымды патриоттық форум өткізіп, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған маңызды бастаманы жүзеге асырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

