Түркістан облысында тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Абай Тұрхановтың айтуынша, өткен жылы кезекте тұрған азаматтарға 2317 пәтер пайдалануға берілген. Оның ішінде 176 пәтер жалдамалы, ал 2138 пәтер несиелік бағытта. Бұған қоса, тағы 580 жалдамалы және 842 несиелік пәтер мемлекет меншігіне алынған.
– 2026 жылы бұл жұмыстар жалғасады. Биыл 810 пәтерлі 8 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Қазір осы мақсатта қаржы бөлу жұмыстары атқарылып жатыр. Жалпы, өткен жылы құрылыс басқармасы бойынша 183 нысанның құрылысына 118,2 млрд теңге бөлініп, толық игерілді. Нәтижесінде, 106 нысан ел игілігіне тапсырылса, қалған 77 нысанның құрылысы 2026-2027 жылдары аяқталмақ. Биыл 89 нысанның құрылысына 55,9 млрд теңге қаржы бөлінді, – деді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек, өңірде білім беру саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Былтыр 4 білім беру нысаны пайдалануға беріліп, «Келешек мектептері» жобасы аясында жалпы саны 9900 оқушыға арналған 16 жаңа мектеп есігін ашты.
Денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалмады. Жетісай ауданы Бәйтерек елді мекенінде 25 орындық дәрігерлік амбулатория ел игілігіне ұсынылса, Түркістан қаласында жеке инвесторлардың қаржысына оңалту орталығы іске қосылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Сарыағаш пен Ордабасы аудандарында заманауи екі перинаталдық орталықтың құрылысы басталды.
Өткен жылы өңірде 2 әкімшілік ғимараттың құрылысы аяқталды. Биыл Сауран аудандық әкімдігінің жаңа акт залы пайдалануға берілмек. Мәдениет саласында былтыр 6 нысанның құрылысы аяқталса, биыл тағы 13 нысанды ел игілігіне тапсыру көзделіп отыр.
Спорт саласы да облыста белсенді дамуда. Былтыр спортқа арналған 18 нысанның құрылысы аяқталса, биыл қосымша тағы 9 жаңа спорттық нысанның құрылысы қолға алынбақ.
Осылайша Түркістан облысында тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым құрылысы қарқын алып, өңір тұрғындарының өмір сапасы артып келеді.
Айтпақшы, Сайрам ауданында биылғы жылдың соңына дейін жалпы сомасы 43,9 млрд теңгені құрайтын 21 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақшы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

