Алматы жастары Жаңа Конституцияны қолдауға арналған ауқымды патриоттық флешмоб өткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шараға 500-ден астам жас жиналып, Көктөбенің төрінде биіктігі 7 метрлік Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде көтерді. Флешмоб барысында орындалған патриоттық әндер қатысушылардың рухын көтеріп, жастардың бірлігі мен елге деген сүйіспеншілігін паш етті.
Жастардың бастамасымен өткен бұл шараның негізгі мақсаты жаңа Конституциядағы құндылықтарды насихаттау, азаматтық жауапкершілікті арттыру және қоғамдағы ынтымақты нығайту болды.
Шараға қатысушылардың бірі Ырысбек Ахатай жаңа Конституция жай ғана заңдық құжат емес, мемлекеттің дамуы мен болашағына бағыт беретін маңызды стратегиялық бағдар екенін атап өтті. Оның пікірінше, жастардың реформалардың мәнін түсініп, белсенділік танытуы ел болашағы үшін маңызды қадам.
Белсенді Қадырбек Файзуллаев болса, бүгінгі флешмоб жастардың ел тағдырына деген жауапкершілігінің көрінісі екенін жеткізді. «Конституциялық өзгерістер әділетті қоғам құруға бағытталған нақты бастама. Біз еліміздің ертеңіне бейжай қарамаймыз», – деді ол.
Жаңа Конституцияны қолдау арқылы Алматы жастары Қазақстанның заңды, әділетті және тұрақты дамуына өз үлестерін қосуға дайын екендерін тағы бір дәлелдеді. Бұл шара ұлттық бірлік пен ортақ жауапкершіліктің жарқын көрінісі болды.
Күні кеше ғана Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары кезінде қаладағы бірқатар инвестициялық жобаның жүзеге асу барысын бағамдады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

