Автокөлік маманы Төлегеннің айтуынша, идеалды түрде тазартқыш щеткаларды әр алты ай сайын немесе кем дегенде жылына бір рет ауыстырған дұрыс, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Ең дұрысы, қыс басталмай тұрып және қыс аяқтала сала ауыстырған жөн. Өйткені аяз, мұз бен жолдағы химиялық реагенттер әйнек тазартқыш резинаны жазғы шаңға қарағанда әлдеқайда тез тоздырады, – деп түсіндіреді сарапшы.
Маманның айтуынша шамамен 10-15 мың шақырымнан кейін тазартқыш щеткалардың қызмет ету мерзімі аяқталуы мүмкін. Автокөліктің тұрақ орны да маңызды рөл атқарады. Жабық гараж немесе паркингте тұрған көліктің щеткалары ашық аспан астында тұрған көліктің щеткаларына қарағанда әлдеқайда баяу тозады.
Жаңа щеткаларды қалай таңдаймыз?
Жаңа әйнек тазартқыштарды сатып алмас бұрын, сарапшы олардың ұзындығын дұрыс өлшеп, қажетті түрін таңдап алуды кеңес береді. Жалпы, ол тазартқыштың үш түрін атап өтті:
Каркасты. Әйнекке мықты бекітіледі. Бірақ қыста оның шарнирлері мұз болып қатып, тазалау қабілеті нашарлайды.
Каркассыз. Бұл резеңкемен қапталған болат пластина. Аэродинамикасы жақсы, жоғары жылдамдықта аз шуылдайды және мұз болып қатпайды.
Гибридті. Мықты каркасы бар, әрі арнайы қорғаныш қабығы бар. Бағасы жоғары болғанымен, ең ұзақ қызмет ететіні әрі сапалы тазартатыны осы түрі.
– Сатып алмас бұрын, щеткалардың бекіту түріне (Hook, Push Button, Bayonet және басқалары) мұқият назар аударыңыз. Көптеген өндірушілер жинаққа қосымша адаптерлерді қоса береді. Бірақ сіздің көлігіңізге арнайы дайындалған түрін таңдаған дұрыс. Сондай-ақ, материалға мән беріңіз, силикон щеткалар кәдімгі каучуктан жасалғандарға қарағанда ұзағырақ қызмет етеді және тыныш жұмыс істейді, – деп түсіндіреді сарапшы.
Щеткалардың қызмет мерзімін қалай ұзартамыз?
«Қыста жиі кездесетін қате щеткамен әйнектегі қатқан мұзды немесе қарды тазалау. Мұздың өткір ұштары резеңкені тез жарақаттап, микросызат қалдырады», – дейді сарапшы. Ол әйнекті алдымен жылытып алуға немесе пластикалық скребок пайдалануға кеңес береді.
Сонымен қатар, щеткалардың тазалығын бақылап, үнемі тазалап отыру керек.
– Екі аптада бір рет дымқыл майлықпен немесе жуғыш сұйықтыққа батырылған шүберекпен щетканың резеңке бөлігін сүртіп отырыңыз. Себебі жолда жиналған кір, құм және химиялық реагенттер резеңкені тез тоздырады, – деп кеңес береді Анатолий.
Сондай-ақ, егер щетка нашар тазалай бастаса, резеңкесін спирт қосылған майлықпен сүртіп тазалауға болады. Бұл оның бетіндегі майлы қабат пен кірді кетіреді. Дегенмен, бұл жаңа щетка сатып алуды тек бір-екі аптаға кейінге шегеретін уақытша әдіс қана.
Әйнектің тазалығын бақылап отыру да маңызды
«Алдыңғы әйнекте пайда болған кішкентай сынықтар мен жарықшақтар резеңке щеткаларды жылдам тоздырады. Сондай-ақ, жуғыш сұйықтықты уақтылы құйып отыруды ұмытпаңыз. Құрғақ әйнекте жұмыс істеген щеткалар бірнеше қолданудан соң істен шығады», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, щеткаларды тұрақта көтеріп қоюдың да зияны бар екен:
– Көбісі щеткаларды әйнекке қатып қалмас үшін көтеріп қояды. Бірақ мұндай қалыпта ұзақ тұрған кезде ішіндегі серіппе созылып кетеді. Уақыт өте келе әйнекке қысым әлсіреп, жаңа щетканың өзі нашар тазалай бастайды, – дейді маман.
Сарапшы бұл мәселені шешу үшін арнайы тіреуіштерді пайдалануға немесе әйнекті мұздан қорғайтын сұйықтықпен өңдеп қоюға кеңес береді.
«Қазақстанның Автокөлік Одағының» мәліметінше, Kia қаңтар айында ел нарығындағы сатылым көлемі бойынша бірінші орынға шыққан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







