Ел азаматтары енді көлік нөмірлерін онлайн рәсімдеп, қалаған нұсқасын үйден шықпай-ақ ала алады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Көлік нөмірлерін таңдауға мүмкіндік берілген сәттен бастап халыққа қызмет көрсету орталықтарына сұраныс күрт артқан. Соңғы дерек бойынша, осы жүйе енгізілгеннен кейін 11 мыңнан астам адам тіркеліп үлгерген. Бұрын көлік нөмірлері автоматты түрде берілсе, енді азаматтардың өз қалауы мен сұранысына қарай рәсімделмек.
Онлайн өтініш, офлайн қарбалас
Jibek Joly телеарнасының тілшісі Алтынбек Әмиттің айтуынша, қазір халыққа қызмет көрсету орталықтарында ерекше нөмір алғысы келетіндер өте көп. Тіпті, Астанадағы бір ғана орталықта үш сағаттың ішінде 500-ден астам өтініш түскен.
Азаматтар көбіне көлігіне өздерінің туған күні немесе аты-жөнінің қысқартылған түрін бейнелейтін ерекше нөмірді алуды жөн санайды.
– 567 деген қатар тұрған сандар. Балама осы нөмір ұнады. Кеше тіркелген едік, бүгін алып тұрмыз. Енді алдағы уақытта 777 деген нөмірді алғымыз келеді, – дейді қала тұрғыны Данагүл Бауыржанова.
Жалпы көлікке ерекше нөмір тағу үрдісі 1970-жылдардан бастау алған. Ол кезде «001», «777» секілді бірдей цифрлар қарапайым халыққа сатылмайтын және жоғары лауазымды тұлғаларға ғана берілетін. Осыдан кейін мұндай ерекше нөмірлер статус пен беделдің белгісі ретінде қалыптасқан. Мұның әсері әлі де бар, сол себепті қазір халыққа қызмет көрсету орталықтарында үлкен кезек туындап отыр.
– Кешеден бері база дұрыс істемей тұр. Онлайн жүйені ертерек іске қосқанда мұндай қарбалас болмас еді. Бұған қоса, нөмір алуға кез келген адам қатыса алады. Меніңше, тек жеке көлігі бар адамдар ғана қатысуы тиіс еді. Қазір тіпті жүргізуші куәлігі жоқ адамдар да нөмір алуға ұмтылып жатыр, – дейді тұрғындардың бірі Сәкен Ділдахмет.
Ресми мәліметке сәйкес, былтырғы жылдың төрт айында елде 6 миллион 176 мың көлік тіркелген. Әр стандартты көлік нөмірі үшін азаматтар 11 мың теңге төлейді. Осылайша бюджетке 70 миллиард теңгеге жуық қаражат түскен. Бұл есепке ерекше, «вип» санатындағы көлік нөмірлерінің бағасы кірмейді.
Соңғы уақытта, керісінше, қарапайым көлік нөмірлерін таңдау трендке айналып келеді. Өйткені Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі есте оңай сақталмайтын қарапайым нөмірлі көліктерді пайдаланатыны белгілі. Осыдан кейін жастар арасында қарапайымдылыққа бет бұру үрдісі байқалады.
Айтпақшы, елімізде көлік салығын есептеудің жаңа тәртібі күшіне енгенін білесіз бе? Енді ескі көліктер үшін салық жүктемесі біршама жеңілдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

