Таяуда «Ғылым ордасы» өкілдері Түркияның Ыстанбұл қаласындағы Rami Kütüphanesi мен Süleymaniye Kütüphanesi базаларында халықаралық тағылымдамадан өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Практикалық дағдылар тереңдетілді
Іс-шара «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» атты ғылыми жоба аясында ұйымдастырылды.
Халықаралық тағылымдамаға Ғылым ордасының бас директоры Ұлар Мұқажанов қатысты. Бұдан басқа Орталық ғылыми кітапханасының Цифрландыру және автоматтандыру бөлімі, Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет кітапхана-музейі бөлімінің мамандары да біліктілігін ұштады. Сондай-ақ Реставрация және консервация орталығының өкілдері қатысты.
Бағдарлама барысында T.C. Cumhurbaşkanlığı Millet Kütüphanesi базасында қолжазба және сирек қорлармен жұмыс істеу бойынша практикалық дағдылар тереңдетілген. Сонымен қатар жетекші шетелдік архивтік-кітапханалық мекемелермен кәсіби құзыреттер алмасуға мүмкіндік жасалды.
Rami Kütüphanesi базасында қатысушылар сирек қолжазбаларды сипаттау, цифрландыру және автоматтандыру, ғылыми каталогтау, сондай-ақ реставрация және консервация бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүргізді. Әр бағыт бойынша жауапты білікті мамандар бекітіліп, теориялық және практикалық сабақтар ұйымдастырылды.
Ғылыми каталогтау қалай іске асады?
Ыстанбұл кезеңінде кәсіби тәжірибе алмасудың кеңейтілген форматы қарастырылып, Süleymaniye Kütüphanesi мамандарымен өзара іс-қимыл жолға қойылды. Бұл қолжазба қорларымен жұмыс істеудің озық тәжірибелерін терең меңгеруге және тағылымдамадан өтушілердің кәсіби құзыреттерін арттыруға мүмкіндік берді.
Тағылымдама барысында қатысушылар қолжазбаларды сақтау, сирек және құнды қорлармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіріп, реставрациялау, ғылыми каталогтау және цифрландыру салаларында тәжірибе алмасты. Түркиялық әріптестердің озық әдістері іс жүзінде көрсетіліп, кітапханалардың инфрақұрылымы, ұйымдастырушылық құрылымы мен бөлімдердің жұмыс үдерістері, сондай-ақ библиографиялық деректерді электрондық базаға енгізу тетіктері жан-жақты таныстырылды.
Тағылымдама соңында қатысушыларға біліктілігін арттырғаны туралы арнайы сертификаттар табыс етілді. Халықаралық тағылымдама нәтижелі өтіп, екі ел мамандары арасында тәжірибе алмасу нығайды, алдағы уақытта бірлескен ғылыми жобалар мен кәсіби ынтымақтастықты дамытуға негіз қаланды.

