Түркістан облысы Отырар ауданындағы Қарақоңыр ауылдық округінде «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» серіктестігінің заманауи мақта өңдеу зауыты іске қосылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа өндіріс орнының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өндіріс ұжымы мен жергілікті тұрғындарды маңызды оқиғамен құттықтады.
Өңір басшысының айтуынша, мақта шаруашылығын дамыту Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртудың негізгі тетігі. Осы бағыттағы ірі жобалардың бірі саналатын жаңа зауыт заманауи технологиялармен жабдықталып, өндіріс көлемін еселеп арттырады.

Серіктестік қытайлық инвесторлармен бірлесіп, 32 мың гектар аумаққа тамшылатып суару жүйесін енгізіп, жоғары өнім көрсеткішіне қол жеткізген. Қазірдің өзінде 120 мың тонна шитті мақта жиналса, оның 30 мың тоннасы толық өңделіп, таза мақта ретінде шығарылды.
– Жаңа технологиялардың тиімділігі өте жоғары. Әсіресе, су ресурсын үнемдейтін бұл әдіс климаттық өзгерістер жағдайында аса маңызды. Жобаның жалпы құны – 21,1 млрд теңге. Екі зауыт жылына 180 мың тоннаға дейін шитті мақта өңдейді. Біздің мақсатымыз – Отырар ауданында толыққанды мақта кластерін құрып, шикізатты терең өңдеу арқылы қосымша құны жоғары дайын өнімдер шығару. Осындай жобалар арқылы өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге мүмкіндік мол, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Серіктестік басшысы Суй Дже облыс басшылығының сенімі мен қолдауы үшін алғыс айтып, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі қарқынды жалғастыратынын жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономика саласына цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу туралы тапсырмасына сәйкес, бұл жобаға да арнайы цифрлық жүйе орнатылған. Басқару орталығында барлық процесс жасанды интеллект арқылы бақыланып, реттеліп отырады. Осы жүйе арқылы 32 мың гектар егістік бір орталықтан басқарылады.
«Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» аймақтағы ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізіп, облыс экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Серіктестік биыл Отырар ауданында 23 мың гектар жерге мақта егіп, әр гектарынан орташа есеппен 50-60 центнерден өнім алған. Осы ауқымды жобаның маңызды бағыты – екі заманауи мақта өңдеу зауытының құрылысы мен өндірістік қуатын арттыру. Бүгінде жаңа кәсіпорын іске қосылуымен 279 жергілікті тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл өз кезегінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек.
Түркістан облысында Дүниежүзілік мақта күніне орай ауқымды «AQ-DALA» мақташылар фестивалі тұрақты түрде өтіп тұрады.

