Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындаудың нақты жолдары талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мәжіліске облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан мен қала әкімдері, сондай-ақ аумақтық департаменттердің жетекшілері қатысты.
Жиын барысында Президент жүктеген 7 негізгі бағыт: инфляцияны төмендету, жаңа Салық кодексін тиімді енгізу, цифрлық технологияларды кеңінен қолдану, инвестициялық белсенділікті арттыру, заманауи өнеркәсіпті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, көлік логистикасын жетілдіру және энергетика тапшылығын азайту мәселелері кеңінен қаралды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңір басшыларына нақты міндеттер жүктеді:
– Президент тапсырмаларын орындауда жүйелілік пен нәтижеге басымдық береміз. Барлық салада цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізуіміз керек. Инвестиция тарту және жұмыс орындарын ашу – басты міндет. Әлеуметтік саладағы заңсыздықтармен күресті күшейтіп, энергетика тапшылығын жою үшін нақты жобаларды тез арада іске қосу қажет. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық пайдалануға басымдық береміз. Жүктелген міндеттерді орындау үшін нақты іс-шара жоспарын әзірлеуді тапсырамын, – деді өңір басшысы.
Күн тәртібіне сәйкес, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек, аппарат басшысы Еркебұлан Дауылбаев және Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Берік Қайпов баяндама жасады.

Инфляцияны төмендету бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру, өндірісті арттыру және отандық өнімдерді нарыққа көбірек шығару мәселелері қаралды. Сондай-ақ, тұрақтандыру қорларының жұмысын жандандыру қажеттігі айтылды.
Жаңа Салық кодексін тиімді енгізу мақсатында салықтық әкімшілендіруді цифрландыру, бизнеске қолайлы орта қалыптастыру арқылы 2026 жылы жергілікті бюджетке түсімді 225 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Облыста цифрландыру бағытында білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы ақпараттық жүйелерді өзара ықпалдастырып, бюджет қаржысының жұмсалуын бақылауды күшейтуге тапсырмалар берілді.
Жиында 2025 жылдың қорытындысымен өңірге 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, жоспар 121,6 пайызға орындалғаны айтылды. Ал 2026-2029 жылдарға арналған 111 инвестициялық жобаның жалпы құны – 2,8 трлн теңге. Аудан және қала әкімдері үшін инвестиция тарту негізгі көрсеткіш болып қала бермек.
Өнеркәсіп саласында өткен жылы өндіріс көлемі 1 трлн 596 млрд теңгеге жетіп, өсім 13,8 пайызды құраған. Алдағы уақытта импортты алмастыратын, терең өңдеуге бағытталған жобаларға басымдық беріледі.
Қазір Түркістан облысында 215 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Оларды мемлекеттік қолдау, цифрлық шешімдер енгізу арқылы кәсіпкерлікті дамытуға жаңа мүмкіндіктер жасау көзделуде.
Контекст
Өңірдің көлік-логистика әлеуетін арттыру үшін «Дарбаза – Мақтаарал» теміржолы құрылысы мерзімінде аяқталып, Түркістан әуежайын халықаралық транзиттік хабқа айналдыру тапсырылды.
Энергетика саласында облыста тұтынатын 445 МВт электр қуатының 75 пайызы сырттан келеді. Осыған байланысты қуаты 2,4 ГВт құрайтын 6 ірі энергетикалық жоба қолға алынып, энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу негізгі мақсат ретінде белгіленді.
Жиынды қорытындылаған Нұралхан Көшеров Президент тапсырмаларын орындауға әр басшы жеке жауап беретінін ескертті. Мәжіліс соңында барлық міндеттер хаттамаға енгізіліп, арнайы іс-шара жоспарын әзірлеуге тапсырма берілді.
Айтпақшы, Сайрам ауданында биылғы жылдың соңына дейін жалпы сомасы 43,9 млрд теңгені құрайтын 21 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақшы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

