Бүгін Алматы мемлекеттік бизнес колледжінде қазақ поэзиясының алып тұлғасы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай колледжішілік «Мұқағали оқулары» әдеби байқауы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шара студент жастардың қазақ әдебиетіне қызығушылығын арттырып, көркем сөзге деген құрметін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.
Байқауға 1-3 курс студенттері қатысып, ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу және әдеби-сахналық қойылымдар арқылы Мұқағали поэзиясындағы терең философиялық ойды көрермен жүрегіне жеткізе білді. Қатысушылар өлеңдерді тек жатқа айтып қана қоймай, ақынның ішкі толғанысын жүрекпен сезініп жеткізуге тырысты.
Қорытынды бойынша жеңімпаздар:
І орын – 1 курс студенті Әмір Балым
ІІ орын – 1 курс студенті Жеңісбек Балнұр
ІІІ орын – 2 курс студенті Калиев Нарболат
Шара барысында колледж директорының міндетін атқарушы Ғазиза Есболсынқызы: «Мұқағали оқулары – жастардың рухани әлемін байытатын, әдеби талғамын қалыптастыратын тағылымды алаң. Студенттеріміздің ақын жырын жүрекпен жеткізе білгеніне ерекше қуаныштымын», – деп пікір білдірді.
Байқау жеңімпазы Әмір Балым алған әсерімен бөлісті: «Мұқағали өлеңдерін оқу үлкен жауапкершілік. Осы байқау арқылы ақын поэзиясын бұрынғыдан да терең түсіне бастадым», – деді.
Бұл шара студенттердің көркем сөйлеу дағдыларын жетілдіріп, рухани дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік берді. Ұлы ақын жырымен сусындаған бұл күн колледж студенттері үшін ұмытылмас рухани әсер қалдырды.
Таяуда Жетісу облысында қазақ поэзиясының алыбы Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай бірқатар мәдени шаралар ұйымдастырылған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

