Әскерге шақыру науқаны кезінде азаматтардың әскери қызметке жарамдылығын анықтау жергілікті жердегі мемлекеттік органдардың қатысуымен жүзеге асырылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл үдерістің негізгі кезеңдерінің бірі медициналық тексеру. Оны жергілікті денсаулық сақтау органдарының мамандарынан құралған дәрігерлік комиссиялар жүргізеді. Комиссия мүшелері шақырылатын азаматтардың денсаулық жағдайын бағалап, олардың мерзімді әскери қызметке жарамдылық санатын айқындайды.
Әскерге шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз ету өз құзыреті аясында жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Әскерге шақыру комиссиясының төрағасы қызметін Жетісу облысы әкімінің орынбасары атқарады.
Ал шақырылатын азаматтардың тізімін қалыптастыру, шақыртуларды жолдау және шақырылымға қатысты іс-шараларды үйлестіру жергілікті әскери басқару органдарының міндетіне кіреді. Шақырту алған азаматтар комиссияның талап етуімен жиын пунктіне келуге міндетті.
Егер шақыртуды жеке өзі тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, азаматтарды жеткізу ішкі істер органдарына жүктеледі. Полиция қызметкерлері әскерге шақырудан жалтарғандарды іздестірумен және белгіленген тәртіпте жеткізумен айналысады. Жергілікті атқарушы органдар полициямен бірлесіп, әскерге шақыру ережесін бұзған азаматтарды анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізеді.
Жиын пунктінде шақырылған азаматтар қайта тексеруден өтеді. Медициналық комиссия олардың денсаулық жағдайын нақтылап, әскерге жарамдылығы жөнінде түпкілікті шешім қабылдайды. Заңда көзделген негіздер болған жағдайда азаматтарға әскерден кейінге қалдыру немесе босату беріледі. Мұндай негіздер анықталмаған жағдайда олар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, өзге де әскерлер мен әскери құралымдарға мерзімді әскери қызметке жіберіледі.
Айта кету керек, 18 бен 27 жас аралығындағы, әскерден кейінге қалдыру немесе босату құқығы жоқ азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жылына екі рет жүргізіледі. Көктемгі шақырылым наурыздан маусымға дейін, ал күзгі шақырылым қыркүйектен желтоқсанға дейін өтеді.
Желтоқсан айының басында Қазақстан Қарулы күштерінің барлық бөлімі жауынгерлік дайындықтың ең жоғары деңгейіне көшті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

