Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қазақстанда коммуналдық қызметтердің күрт қымбаттау себебін түсіндірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Комитеттің дерегіне сәйкес, қаңтар айындағы қатты аяз тұрғындардың жылу төлемінің көбеюіне негізгі себеп болған. Күн салқындаған сайын үйлерді жылытуға да көбірек энергия жұмсалады. Мысалы, Астанада желтоқсан айында орташа температура -8° C болса, қаңтарда бұл көрсеткіш -14,3° C-қа дейін төмендеген.
Соған сәйкес, ортақ жылу есептегіш құралдар энергия тұтынудың артқанын тіркеген. Жалпы шығын әр пәтердің ауданына қарай бөлінгендіктен, тариф өзгермесе де, тұрғындар әдеттегіден көп төлеуге мәжбүр болған.
Ал жарық пен су бойынша есеп айырысу нақты тұтынған мөлшерге сай жүреді. Тұтынушы көрсеткіштерді уақытылы беріп отырса, компаниялар тек нақты жұмсалған көлемді ғана есептейді.
ҚҚС-тің қатысы бар ма?
Комитет мамандарының айтуынша, коммуналдық түбіртектегі жалпы сомаға ҚҚС ставкасының 12%-дан 16%-ға өсуі де әсер еткен.
«ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі түбіртектегі ақшаның шамамен 3–4%-ға артуына себеп болды. Бірақ бұл коммуналдық тарифтердің өсуімен байланысты емес, тек салық мөлшерлемесінің өзгеруіне қатысты», – дейді ведомство өкілдері.
Сонымен бірге лифт қызметі, домофон, МИБ шығындары сияқты мемлекет реттемейтін қосымша қызметтер де жалпы түбіртек сомасына әсер етуі мүмкін.
Мамандардың сөзінше, коммуналдық қызметтер бойынша өте жоғары есепшот алған азаматтардың көбі жеке себептерге тап болған. Оның ішінде өткен айлардағы төленбеген қарыз немесе пәтердегі есептегіш құралдардың дұрыс көрсетілмеуі жиі кездеседі.
«Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз санаттағы азаматтарға мемлекет тарапынан коммуналдық төлемдерді өтеуге тұрғын үй көмегі қарастырылған», — дейді комитет өкілдері.
Айта кетелік, бұған дейін танымал экономист Алмас Шөкин биылғы жыл қазақтар үшін ауырлау болатынын ескерткен еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

