Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Қонаев қаласының аспанында Көк Ту қалықтап, мыңдаған тұрғынның бойында ерекше мақтаныш сезімін оятты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алматы облысында ұлттық мерекеге арналған іс-шаралар аясында Қонаев қаласының орталық алаңында салтанатты жиын өтті. Шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – арнайы тікұшақпен Мемлекеттік Тудың көк аспанда желбіреуі болды. Әуелеген Әнұран үні мен көкте қалықтаған Көк байрақ егемен елдің рухын айшықтап, жиналған жұртшылықтың ерекше ықыласына бөленді.
Салтанатты жиынға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, тұрғындарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.
Өңір басшысы өз сөзінде 1992 жылғы 4 маусым Қазақстан тарихындағы маңызды күндердің бірі екенін атап өтті. Дәл осы күні тәуелсіз мемлекеттің Туы мен Елтаңбасы бекітіліп, кейін ұлттық рухтың ажырамас бөлігіне айналған Әнұран қабылданған болатын.
Марат Сұлтанғазиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың рәміздерді тәуелсіздіктің киелі бойтұмары әрі мемлекеттіліктің басты белгісі ретінде бағалайтынын еске салды. Оның айтуынша, Көк Ту, Елтаңба және Әнұран халықты ортақ мақсатқа жұмылдыратын құндылықтар болып қала береді.

Биылғы мерекенің мәнін арттыратын тағы бір ерекшелік – Қазақстанның Жаңа Конституция негізінде дамудың жаңа кезеңіне қадам басуы. Осыған байланысты өңірде «Рәміздер рухы – Конституция күші» жалпыұлттық патриоттық акциясы ұйымдастырылып, азаматтардың Ата Заң мен мемлекеттік нышандарға деген құрметін нығайтуға ерекше назар аударылуда.
Шара барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Солардың қатарында Қарасай ауданындағы Шалқар орта мектебінің директоры, білім саласында қырық жылға жуық еңбек еткен Бану Аманова да бар. Ол «Құрмет» орденімен марапатталды.
Марапат иесі бұл марапатты тек өзінің емес, бүкіл ұстаздар қауымының еңбегіне берілген баға деп қабылдайтынын айтты.
Салтанатты жиында мемлекеттік қызметке жаңадан келген мамандар да ант қабылдап, Қазақстан халқына адал қызмет етуге және Конституция талаптарын қатаң сақтауға уәде берді.
Осылайша Алматы облысында Мемлекеттік рәміздер күні патриоттық рухты нығайтатын, елдік құндылықтарды дәріптейтін және тәуелсіздіктің маңызын тағы бір мәрте айқындайтын мазмұнды шаралармен аталып өтті. Қонаев аспанында желбіреген Көк Ту елдің бірлігі мен жарқын болашаққа деген сенімінің символына айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







