Шығыс Қазақстан өңірінде өткен «Жастар таңдауы – жаңа Ата Заң» атты live-концертке 12 мыңнан астам көрермен жиналды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ауқымды шара 28 ақпан күні Өскемен қаласындағы Maxi Mall сауда-ойын-сауық орталығында өтті.
Кештің басты мақсаты Қазақстанның жаңа Конституция жобасын қолдап, алдағы республикалық референдумның маңызын жастарға жеткізу. Концерт ашық диалог форматында ұйымдастырылды. Іс-шараның алғашқы сәттерінен-ақ қатысушылар арасындағы белсенділік пен ел болашағына деген жауапкершілік айқын байқалды. Көрермендер залдан қойылған сұрақтарға жауап беріп, қызу талқылауларға белсене араласты.

Жиналған қауым алдында Конституцияны қолдау жөніндегі Жалпыұлттық коалицияның өңірлік штабының өкілдері сөз сөйледі. Олардың арасында Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Денис Рыпаков, С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген және жастар өкілі Ануар Ахметқалиев болды.
Өңірлік штаб төрағасы Денис Рыпаков өз сөзінде жаңа Конституцияны қолдау елдің тұрақтылығы мен болашаққа жасалған сенімді қадам екенін атап өтті.
– Жаңа Конституция мемлекетіміздің орнықты дамуына берік тірек. Өңір тұрғындары осы тарихи сәтте белсенді азаматтық ұстаным танытып, еліміздің әділетті, жарқын болашағы үшін дауыс береді деген сенімдемін, – деді ол.
Шараның музыкалық бөлімінде танымал эстрада жұлдыздары Еркін Нұржанов, SADRADDIN және Мирас Жүгінісов сахнаға шығып, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әсіресе жастар өнерпаздардың орындауларына ерекше ықылас білдірді.

Ұйымдастырушылар осындай ауқымды кештер қоғамдағы ашық диалогты нығайтып, жастар арасында азаматтық жауапкершілікті арттыруға зор үлес қосатынын атап өтті. Әрбір адамның дауысы мен белсенділігі – ел дамуының маңызды кепілі екеніне ерекше тоқталды.
Күні кеше ғана Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов білім беру саласы қызметкерлерімен кездесіп, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын кеңінен талқыланғанын жаздық,
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







