11 наурызда Астанада өткен «Конституциялық реформа және қоғамдық диалог: болашақты бірге қалыптастырамыз» атты сарапшылар алаңында Парламент депутаттары, саясаттанушылар, академиялық қоғам өкілдері мен журналистер жаңа Конституция жобасының маңызды тұстарын талқыға салды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жиын барысында жаңа Конституция жобасының институттық өзгерістері талқыланып, қоғамның саяси шешім қабылдаудағы рөлін кеңейту мәселесі ерекше назарға алынды. Бірінші сессияның модераторы Мәжіліс депутаты Айдос Сарым болды.
Саясаттанушы Андрей Чеботарев Конституциялық реформа елдегі мемлекеттік жүйенің институттық негіздерін нығайтатынын атап өтті.
«Жаңа Конституция шешім қабылдауда халықтың қатысуын арттырады. Халық кеңесі, қоғамдық кеңестер мен жергілікті қауымдастық жиындарын біріктіретін көп деңгейлі қоғамдық диалог жүйесі құрылады», – деді ол.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жаңа Конституцияның адам құқықтарын қорғауға басымдық беретінін жеткізді. «Құжатта азаматтардың Конституциялық сотқа тікелей жүгіну мүмкіндігі кеңейтілген, адвокатура рөлі күшейтілген, ұсталған азаматтарға құқықтарын міндетті түрде түсіндіруді қамтитын халықаралық «Миранда ережелеріне» ұқсас нормалар енгізілген», – деді депутат.
Саясаттанушы Талғат Қалиев реформа саяси жүйенің тұлғаларға тәуелді емес, ережелер мен рәсімдерге негізделген тұрақты институционалды модельге көшуді қамтамасыз ететінін айтты.
«Әділ сөз» қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова жаңа Конституциядағы басты құндылықтардың бірі – сөз бостандығы мен қоғамдық диалогқа басымдық берілгенін атап өтті. «Бізде цензураға тыйым салынған, пікір алуандығы қамтамасыз етілген. Бұл құндылықтар Конституцияда бекітіліп отыр», – деді ол.
Екінші сессияда не айтылды?
Екінші сессияны Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жүргізді. Мұнда білім, ғылым, инновация мен цифрлық құқық мәселелері талқыланды.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Конституция жобасында мемлекеттің зайырлылық сипатының күшейтілгенін атап өтті. Maqsut Narikbayev University профессоры Марат Ахмади адам капиталының стратегиялық ресурс ретіндегі маңызы артқанын айтып, Конституциядағы білім, ғылым мен инновацияға басымдық беру елдің экономикасын бәсекеге қабілетті ететінін айтты.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек инновация мен білім Конституцияның басты құндылықтарына айналғанына ерекше қуанышты екенін жеткізді. «Технологиялық даму теңсіздікті күшейтті. Жаңа Конституцияда білім мен ғылымның стратегиялық басымдық ретінде белгіленуі – осы теңсіздікті жеңудің нақты құралы», – деді министр.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева жаңа Конституцияның отбасы мен балалық шақты қорғау механизмдерін күшейтетінін айтты. Bilim Group негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлы XXI ғасырдағы тұрақты экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші – білім мен ғылым екенін атап өтті.
Жиын соңында сарапшылар жаңа Конституция адам құқықтарын нығайтып, білімді қоғам қалыптастыру мен елдің тұрақты дамуына мықты негіз болады деген қорытындыға келді.
Алайда танымал заңгер Майдан Сүлейменов бұлай ойламайды. Маманның пікірінше Ата заңның нұсқасы негізінен ұранға құрылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







