Жаңа Конституцияның кіріспесінде Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы көрініс тапқан. Бұл туралы белгілі заңгер, Конституциялық комиссия мүшесі Айман Омарова өткен жаңа айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Заңгердің пікірінше, преамбуладағы «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтай отырып» деген тіркес – тарихи маңызы зор, саяси тұрғыда аса терең тұжырым.
– Бұл – өте салмақты норма. Преамбула өте сәтті әрі мағыналы жазылған. Оның басты күші – қазақ мемлекеттілігінің тарихи үздіксіздігіне ерекше мән беруінде, – деді Айман Умарова.
Ол жаңа Конституцияның кіріспесі қазақ халқының мемлекеттік тарихы ХХ ғасырдан әлдеқайда бұрын басталғанын көрсетіп тұрғанын атап өтті.
– Осы норма арқылы біз тарихи сабақтастық туралы ашық айтып отырмыз. Бұл Қазақ хандығы мен қазақ мемлекеттілігі ХХ ғасыр оқиғаларынан әлдеқайда бұрын қалыптасқанын нақтылай түседі, – деп толықтырды Конституциялық комиссия мүшесі.
Жаңа Конституция жобасы преамбуладан, 11 бөлім мен 104 баптан тұрады. Өзгерістер мен толықтырулар барлық бөлімдерді қамтып, жалпы мәтіннің 84%-ы жаңарған. Конституцияның жаңа жобасымен Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының сайтынан танысуға болады.
Бұған дейін Айман Омарованың жаңа Конституция жобасындағы тіл мен жер мәселесіне қатысты пікір білдіріп, әлемжелідегі ақпаратқа сенбеуге шақырғанын жазған болатынбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

