Жаңа Конституция жобасын талқылауда алдымен адамның құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің басты құндылығы ретінде нақтылап бекіту маңызды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Конституция мәтініндегі бұл ұстаным ұран деңгейінде қалмай, күнделікті өмірде әр азамат анық сезінетін нақты кепілдікке айналуы тиіс. Құжатты таныстырған комиссия өкілдері өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке басына қол сұқпаушылық, цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау маңызды. Сондай-ақ «Миранда ережесі» секілді нормалар жобаның өзегіне енгізілгенін айтты.
Қазір қоғамға жалпылама «құқық бар» деген сөз жеткіліксіз. Әр азаматқа құқықтардың мазмұны мен оларды қорғаудың нақты тетіктері айқын жазылған Конституция қажет. Құқықтық жүйе түсінікті болса, азамат өз шекарасын анық біліп, мемлекет те міндетін нақты түсінеді.
«Миранда ережесінің» маңызы
Жобаға қатысты түсіндірмелерде құқықтар жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтар ретінде жіктеледі. Жеке құқықтарға адамның қауіпсіздігі, ар-намысы мен қол сұқпаушылығы жатады. Әлеуметтік-экономикалық құқықтар еңбек ету, білім алу, әлеуметтік кепілдіктерді қамтиды. Ал саяси құқықтар азаматтардың пікір білдіру мен қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Мұнда бастысы құқықтардың декларация күйінде қалмауы, олардың нақты қорғалуы мен шектеулердің нақты шегі көрсетілуі. Құқықтың іске асу механизмі түсінікті болса, қоғамда әділеттілік сезімі нығая түседі.
Жобадағы өмір сүру құқығының абсолюттілігі мен адамның жеке басына тиіспеушілік қағидасын күшейту ұсынысын ерекше маңызды деп есептеймін. Себебі адам қауіпсіздігі – барлық құқықтың негізі. Бұл норма мемлекет пен қоғамның алдында нақты міндеттер қояды: адамның өмірі мен қадір-қасиеті ең жоғары деңгейде қорғалуы тиіс.
Цифрлық дәуірде дербес деректер адамның жеке өміріне тікелей қатысты маңызды ресурсқа айналды. Ол адамның тұрмысын, қаржысын, денсаулығы мен тіпті дүниетанымын да аша алады. Сондықтан жеке деректерді қорғау мәселесінің конституциялық деңгейде бекітілуін қолдаймын. Егер деректер қорғалмаса, азаматтар өз пікірін еркін айтуға да, қоғамдық өмірге белсене араласуға да сақтанып қалады. Демек, деректерді қорғау – тек технологиялық мәселе емес, адам бостандығын қорғаудың бір тетігі.
Жаңа жобадағы «Миранда ережесі» қоғам тез қабылдайтын, өте қажет норма. Оның мәні ұсталған адамға өз құқықтарын міндетті түрде түсіндіру, жеке басына тиіспеу, қорғауға мүмкіндік беру сияқты стандарттарды бекіту. Қарапайым ереже болса да, азаматты құқықтық тұрғыдан қорғансыз қалудан сақтайтын қуатты құрал. Мұндай норма құқық қорғау органдарын да тәртіпке салып, тергеу мәдениетін жақсартуға ықпал етеді.
Сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндік қоғам дамуының негізгі шарты екені талассыз. Жаңа жобада осы еркіндіктерді нақты кепілдік ретінде бекіту жоспарланған. Сондай-ақ зияткерлік меншік құқығы да күшейтілмек. Мұндағы ұстанымым анық: сөз бостандығы жауапсыздыққа жол бермейді, бірақ оның шегі де бұлыңғыр болмауы тиіс. Ал зияткерлік меншік қорғалса, ғылым мен мәдениет те дамиды, авторлардың еңбегі лайықты бағаланады.
Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мемлекеттің адамға қаншалықты бағдарланғанын көрсететін басты өлшем деп білемін. Жоба бойынша отбасы мен бала құқығын қорғау нормалары күшейтілетіні айтылды. Бұл бастама құқықты декларация ретінде емес, нақты әрекет ету механизмі ретінде ұсынғанда ғана қоғамның ішкі қауіпсіздігін нығайтады. Алдын алу шаралары, әлеуметтік қолдау, қауіпсіз орта қалыптастыру, құқық бұзушылыққа нақты тосқауыл қою, зардап шеккендерді қорғау – бәрі бір жүйеде жұмыс істесе ғана нәтиже береді.
Дәстүр мен құқық
Қазақстанның зайырлы бағыты қоғамдық келісім мен теңдіктің маңызды кепілі. Сондықтан дін мен мемлекеттің бөлінуі, білім беру жүйесінің зайырлы сипатын нақтылау бастамасы орынды деп санаймын. Бұл қандай да бір сенімге қарсы бағыт емес. Керісінше, әртүрлі көзқарастағы азаматтар үшін мектеп пен мемлекеттік білім беру жүйесі тең мүмкіндік беретін бейтарап кеңістікке айналуы қажет.
Жоба талқысында некені ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде бекіту ұсынылды. Мен мұны отбасы институтының жауапкершілігін күшейту, әсіресе балалардың мүддесін қорғауға жасалған нақты қадам деп қабылдаймын. Дегенмен «дәстүрлі құндылықтарды сақтау» ұраны әйелдердің құқықтарын әлсіретуге себеп болмауы керек. Дәстүр мен құқық әйелдің қауіпсіздігі мен тең мүмкіндігін қорғауға, зорлықсыз орта қалыптастыруға бағытталғанда ғана әділеттілік сақталады.
Жаңа Конституция жобасындағы құқықтар блогын қоғам үшін маңызды мүмкіндік ретінде қабылдаймын. Өмір құқығы, жеке қол сұқпаушылық, цифрлық деректерді қорғау, «Миранда ережесі», сөз және шығармашылық еркіндік, зияткерлік меншік, әйелдер мен балалардың қорғалуы, зайырлылық қағидаты – бәрі адамның қадір-қасиетін қорғауға бағытталған. Ендігі кезекте әр баптың қалай орындалатыны нақты көрсетілген Конституция қажет. Құқық бұзылған жағдайда қайда жүгіну керек, қандай рәсімдер бар – осы сұрақтарға анық жауап берілген кезде ғана азаматтың сенімі күшейеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

