Конституциялық комиссияның VIII отырысында Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай мемлекеттің жария-құқықтық жауаптылығын Конституция деңгейінде бекітуді ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігі азаматтардың құқықтарын жиі бұзады. Бұл көбіне өтініштерді қараудың кешігуі, шешім қабылдамау немесе сот шешімдерін орындаудан жалтару сияқты жағдайларда көрінеді. Соның салдарынан адамдар құқықтық белгісіздік жағдайында қалып отыр.
– Заңсыз әрекеттер немесе әрекетсіздік билік өкілеттіктерінің орындалу тәртібін бұзып, жеке тұлғаның мүдделеріне нұқсан келтіреді. Сондықтан мемлекет азаматтарды қорғау үшін өзара іс-қимыл рәсімдерін жетілдіріп, заңнаманың тиімділігін арттыруы тиіс, – деді Серік Ақылбай.
Ол 2021 жылы қабылданған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс мемлекеттік органдардың санасын өзгерткенін атап өтті. Кодекс бойынша азамат мемлекеттік органдар шешімінің заңсыздығын дәлелдемейді, керісінше, мемлекеттік орган шешімінің заңдылығын өзі дәлелдеуге міндетті.
– Әсіресе қылмыстық, әкімшілік мәжбүрлеу, лицензиялау, жер және салық салаларында билік тарапынан кеткен қателіктер ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан мемлекеттің жария-құқықтық жауаптылығын Ата заңда бекіту қажет, – деді комиссия мүшесі.
Спикер зиянды өтеу бірнеше маңызды функцияны орындайтынын жеткізді: ол азаматтардың құқықтарын қорғаумен қатар, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді. Конституцияда зиянды өтеу құқығын бекіту соттар мен заң шығарушылар үшін де маңызды бағыт болмақ.
«Бұл мемлекеттің тек басқарушы орган емес, өз шешімдерінің салдары үшін жауап беретін институт ретінде қабылдануына мүмкіндік береді», – деп атап өтті Серік Ақылбай.
Сөз соңында ол Конституцияның жаңа жобасын бүкілхалықтық референдумға шығаруды қолдайтынын айтты.
Айтқандай, халыққа берілетін несие көлемінің өсу қарқыны төмендеді, ал кепілсіз тұтынушылық несиелендіру бұрынғы қарқынын жоғалтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

