Конституцияның қазақ тіліндегі мәтінімен жұмыс істейтін арнайы топ құрылып, маңызды әрі сапалы жұмыс атқарылды. Бұл туралы Конституциялық комиссияның сегізінші отырысында ҚазГЗУ АҚ басқарма төрағасы, профессор Талғат Нәрікбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, Конституция мәтініндегі терминдер жүйеленіп, қазақ тілінің заңдылықтары мен ерекшеліктеріне сай реттелген.
– Комиссияның алғашқы отырысында көтерілген терминдерді біріздендіру мәселесі толық ескерілді. Бұған дейін заңгерлер қолданыстағы Конституцияда «құқылы», «хақылы», «құқығы бар», «құқығы жоқ», «хақысы бар» секілді терминдердің бір мәтінде әртүрлі қолданылуын сынға алған еді. Жаңа мәтінде осы терминдер нақты мағынасына қарай жүйеленіп, бірізділік сақталды. Сонымен қатар терминологияда қазақ тілінің табиғи заңдылықтары мен ерекшеліктері басты назарға алынды, – деді ол.
ҚазГЗУ басшысы жаңа Конституцияның мәтінін әріптестерімен бірге мұқият зерделеп шыққанын айтып, бұрын жиі кездесетін калька аудармалар түзетілгенін атап өтті.
– Бұрынғы редакцияда өте жиі қолданылатын «болып табылады», «жүзеге асырады» сияқты калькалық тіркестер жаңа мәтінде мүлде азайды. Ал қолданылған жерлерде олар орынды әрі тілдік жағынан үйлесімді түрде берілген, – деп сөзін түйіндеді Талғат Нәрікбаев.
Тілшілеріміз Түркияның Оңтүстік Кавказды толық бақылауға алып, Каспий теңізіндегі маңызды энергетикалық ресурстарға ие болғанын талдап жазды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

