Алматыда Парламент депутаттары, қоғам белсенділері, әлеуметтік сала мен білім беру өкілдері және жастардың қатысуымен маңызды кездесулер өтіп жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кездесулерде еліміздің даму бағдары, әлеуметтік саясат, білім мен денсаулық сақтау салаларындағы өзекті мәселелер талқыланып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа бастамалар қаралуда.
Осындай маңызды басқосулардың бірі Алматы қаласындағы Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығында өтті. Сенат депутаттары, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мен AMANAT партиясының өкілдері медициналық мекеменің ұжымымен жүздесіп, әлеуметтік саясат пен денсаулық сақтау жүйесіндегі өзгерістерді талқылады.
Кездесу барысында Сенат депутаты Сұлтанбек Макежанов бюджет шығыстарының әлеуметтік бағытта жұмсалуы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала беретінін тілге тиек етті. Оның сөзінше, бюджеттік қаржының елеулі бөлігі денсаулық сақтау, білім және әлеуметтік қорғау салаларына бағытталған.
Сонымен қатар, ол Алматы қаласында былтырғы жылы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін екі орталық пен бір жаңа емхана іске қосылғанын, жедел медициналық жәрдем қызметінің автопаркі толықтай жаңарғанын айтты. Бұл өзгерістер нәтижесінде қаладағы денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 25 пайызға артқан.
Сенатор Нұрия Ниязова өз сөзінде қоғамдық қатысудың маңыздылығын баса көрсетті. Оның пікірінше, мемлекет пен қоғам арасындағы байланыс механизмдерінің бірі ретінде Халық кеңесі институтын құру ерекше мәнге ие.
Конституциялық реформалар тақырыбы қалалық Білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы ұжымымен өткен жиында да сөз болды. Сенаторлар Конституция жобасындағы негізгі жаңашылдықтар ретінде отбасы институтын дамыту мен білім беру саласын қолдау мәселелері тұрғанын жеткізді.

Нұрия Ниязова ұсынылған Конституция жобасында отбасының рөліне және ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігіне айрықша назар аударылғанын атап өтті. Жобада отбасы ұғымы ер мен әйелдің арасындағы одақ ретінде белгіленгенін де тілге тиек етті. Сенатор Жанна Асанова Конституция жобасында азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтары, оның ішінде білім саласына қатысты құқықтар нақты қамтылғанын жеткізді. Кездесуде бір палаталы Парламент пен Халық кеңесі сияқты жаңа институттарға қатысты қатысушылардың сұрақтарына депутаттар жан-жақты жауап берді.
Контекст
Конституциялық өзгерістерге қатысты тағы бір пікір алмасу алаңы – Алматыдағы «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы болды. Бұл жерде жалпыұлттық коалиция өкілдері Конституциядағы жаңа ұсыныстардың саяси жүйені жаңғыртуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталғанын айтты. Жиын барысында мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету және билік пен қоғам арасындағы өзара әрекетті күшейту мәселелері ерекше қозғалды.
Сұлтанбек Макежановтың айтуынша, Конституцияны жаңғырту қазіргі заманның сұранысы мен қоғам талабы негізінде жүргізіліп отыр. Конституция жобасын дайындау кезінде жұмыс тобына азаматтардан 10 мыңнан аса ұсыныс түскені халықтың осы мәселеге деген үлкен қызығушылығын көрсетеді.
Жанна Асанова Конституция халықтың мүддесін толық қамтып, қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал ететін құжат болуы керектігін атап өтті. Сонымен бірге ол жаңа Конституцияда заң үстемдігі мен сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілгенін айтты. Кездесу аясында әлеуметтік қызметкерлер де өз ұсыныстарын ортаға салып, пікірлерін білдірді.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес жаңа Конституцияны қабылдауға арналған республикалық референдум 15 наурызда өтеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

