Астанада «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық алаң өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шараға Парламент депутаттары, Конституциялық комиссия мүшелері, мемлекеттік органдар, академиялық және сарапшылар қауымдастығы, азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты бірлесіп ұйымдастырған жиында Конституция жобасының негізгі ережелері талқыланып, оның саяси, құқықтық және институционалдық салдары қаралды.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин іс-шараны аша отырып, Конституцияны тек заңдық құжат емес, қоғамның өзара келісімі деп бағалады. Оның пікірінше, жаңа Конституция қоғамдық сұраныстар мен үміттерді нақты көрсетіп, ақылға қонымды әрі парасатты саясат жүргізуге мүмкіндік береді. Кеңесші жаңа Конституция ел дамуының негізгі бағытын айқындайтынын жеткізді.
Алғашқы пікірталаста саяси трансформация, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, мемлекеттік басқару сапасын арттыру мәселелері көтерілді. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов жаңа саяси модельдің басты мақсаты мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді жұмысын арттыру және өкілді органдардың рөлін күшейту деп атады.
Саясаттанушы Марат Шибутов жаңа Конституция жобасының бұрынғылардан ерекшелігі оның ұзақ мерзімге бағытталған стратегиялық сипаты екенін атап өтті. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Конституциядағы ең жоғары заңдық күшке ие екенін және оның бүкіл ел аумағында тікелей қолданыс табатынын нақтылады.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым парламенттік қызметтің сапасы мен жылдамдығын арттыру қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, саяси бәсекелестікті күшейту маңызды міндетке айналып отыр.
ЕҰУ проректоры Индира Рыстина толық пропорционалды жүйеге өту партиялық жауапкершілікті арттырып, саяси қызметтің бағдарлама негізінде жүргізілетінін айтты. Мәжіліс депутаты Никита Шаталов заң шығарушы биліктің тиімділігі басты басымдық болуы тиіс деген пікір білдірді.
Екінші пікірталаста қоғамдық қатысудың жаңа тетіктері мен мемлекеттік билік органдарының есептілігін арттыру мәселесі сөз болды. AMANAT партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек модератор болған сессияда депутат Ерлан Саиров Құрылтайдың бақылау функциялары күшейетінін атап өтті. Оның пікірінше, бұл тұрақтылықты демократиялық жолмен нығайтудың бір жолы.
Азаматтық қоғамның жаңа институционалдық бірлігі
Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова Қазақстан Халық кеңесі қоғамдық мүдделерді бір құрылымға шоғырландырып, азаматтардың пікірін тұрақты түрде білдірудің жаңа алаңына айналатынын атап өтті.
ҚазМЗУ Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев Халық кеңесінің қоғамды біріктіруде маңызды рөл атқаратынын айтты. Әділет министрлігінің Заңнама институтының директоры Индира Әубәкірова Конституцияның өңірлік өкілдік пен референдум өткізуге құқық беретінін жеткізді.
Қоғамдық палата мүшесі Ерлан Смайлов жаңа Конституцияның экологиялық басымдығына мән берді. Ол Конституцияның кіріспесінде табиғатты қорғау принципі анық жазылғанын атап өтті.
Үшінші сессияда адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, құқық қорғау институттарын дамыту мәселелері қаралды. Мәжіліс депутаты Снежана Имашева Конституция жаңа құқықтық нормалар мен заңнамалық реформаларды қажет ететінін айтты.
Депутат Унзила Шапақ Конституциядағы қоғамдық тәртіп пен моральдық негіздерге қойылған шектеулер халықаралық стандарттарға сай екенін атап өтті. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Конституцияда адам құқықтарының басымдығы айқындалғанын баса айтты.
Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева цифрлық ортада балалардың жеке деректерін қорғау маңызды екенін еске салды. Қарлығаш Жаманқұлова цифрлық қауіп-қатерлерді ескере отырып, Конституция жобасының құқық қорғау әлеуетіне оң баға берді.
Сараптамалық алаң Конституция жобасының кәсіби деңгейде, ауқымды талқыланғанын көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

