Жетісу облысына жұмыс сапарымен барған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өңір тұрғындарымен кездесіп, Конституциялық реформаның стратегиялық маңызына тоқталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Жаңа Конституцияға байланысты республикалық референдум Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді жүйелі түрде жаңғырту жолындағы маңызды кезең. Еліміздің болашағына қатысты шешімдерді халықтың тікелей таңдауымен қабылдау демократиялық қағидаттарға беріктіктің нақты көрінісі.
Конституциялық реформаның негізгі мақсаты Тәуелсіздігімізді нығайту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Осы орайда заң үстемдігін, құқықтық тәртіпті және азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейтуге басымдық берілген, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасы Конституцияның жаңа редакциясында адам капиталына ерекше мән беріліп, мемлекеттілік, егемендік пен ішкі саяси тұрақтылықтың маңызы нақты айқындалғанын атап өтті.
– Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – оның адамға бағдарлануында. Адам құқықтары енді декларация деңгейінде емес, нақты міндеттер мен қағидаттар ретінде бекітілген. Ол сапалы білім алу, тиімді денсаулық сақтау жүйесін құру, әлеуметтік қорғау және әр азаматтың әлеуетін іске асыруға жағдай жасау секілді маңызды бағыттарды қамтиды. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкімет, әкімдіктер, мәслихаттар, Құрылтай және азаматтық қоғам біріге жұмыс істеуі қажет, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат төрағасы облыстағы кәсіпорын қызметкерлерімен және шаруашылық өкілдерімен де кездесті. Атап айтқанда, «Хильниченко және К» шаруа қожалығында инклюзия, этносаралық келісім және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Парламент депутаттары «Асар» спорттық-оңалту кешенінің жұмысымен және «ASMA Industrial ltd» өнеркәсіптік аккумуляторлар өндіретін зауыттың қызметімен танысты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







