Құрбан айт қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қалалық жерде құрбан шалудың мәдениеті мен тәртібін түсіндірді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Биыл Құрбан айт 27 мамырда басталады. Ұлық мереке қарсаңында Діни басқарма құрбандық шалу кезінде тазалық, қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп талаптарын сақтау аса маңызды екенін еске салды.
ҚМДБ мәліметінше, құрбандық малы тек арнайы белгіленген орындарда шалынуы керек. Жыл сайын мереке алдында өңірлерде жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, құрбан шалуға арналған орындар анықталады. Мұндай жерлерде санитарлық талаптар сақталып, ветеринарлық бақылау жүргізіледі және қалдықтарды жою жүйесі алдын ала ұйымдастырылады.
Ал көпқабатты үйлердің ауласында, көшеде немесе арнайы бейімделмеген жерде мал сою қоғам талабына да, ислам әдебіне де қайшы. Себебі құрбандық шалу – тек діни рәсім ғана емес, тазалық пен тәртіпті қатар ұстанатын жауапты амал.
Діни басқарма қан, ішек-қарын және өзге де қалдықтарды бей-берекет тастауға болмайтынын ескертті. Қалдықтар арнайы орынға жиналып, белгіленген тәртіппен жойылуы тиіс. Тазалық сақтау – санитарлық талап қана емес, шариғаттағы маңызды қағидалардың бірі.
Құрбан шалу кезінде көршілік әдеп те ескерілуі қажет. Басқаларға кедергі келтірмеу, қоғамдық орынды ластамау, адамдар көп жүретін жерде мал соймау – мұсылманның мәдениетін көрсететін іс. Әсіресе қала жағдайында өзгенің құқығына құрметпен қарау айрықша маңызды.
Құрбан етін үлестіруде де жауапкершілік қажет. Етті ұзақ сақтамай, мұқтаж жандарға мүмкіндігінше тез таратқан дұрыс. Әсіресе күн ыстық кезде ет тез бұзылуы мүмкін. Құрбандық мақтану немесе көзге түсу үшін емес, шынайы ниетпен жасалуы керек. Мұқтаж адамға көмек көрсеткенде оның абыройын сақтау да ислам әдебінің бір бөлігі.
Қазіргі уақытта онлайн құрбандық шалу мүмкіндігі де бар. ҚМДБ бастамасымен qurban.muftyat.kz сайты арқылы тапсырыс беруге болады. Мұндай жағдайда құрбандық шариғат талабына сай арнайы орында шалынып, бейнетүсірілім тапсырыс берушіге жолданады. Ал ет мұқтаж отбасыларға таратылады.
Діни басқарма қала тұрғындарын Құрбан айт кезінде тәртіпке, тазалыққа және жауапкершілікке шақырып отыр. Ұлық мерекенің мәні – құрбандық шалу ғана емес, мейірім, сабыр, жомарттық және қоғамға құрмет көрсету.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жер қойнауын басқару саласында мемлекеттік бақылауды күшейту қажет деп есептейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







