«Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында Қазақстаннан Қытайға ірі көлемде киік мүйізін заңсыз өткізу әрекетіне тосқауыл қойылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қара нарықтағы бағасы 180 миллион теңге
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі өткізген тексеру шаралары нәтижесінде жасырын жүк дер кезінде анықталды. Тексеріс кезінде табылған киік мүйіздерінің жалпы саны 620 дананы құраған.
«Шекарашылар ҚХР-ға 620 дана киік мүйізінен тұратын ірі партияны заңсыз алып өту әрекетінің жолын кесті. Алдын ала бағалау бойынша, олардың қара нарықтағы құны шамамен 180 миллион теңгеге жетеді», – деп хабарлады ҰҚК өкілдері.
Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр
Шекара бақылауы кезінде табылған жабайы жануарлардың дериваттары толық тәркіленді. Аталған дерекке қатысты жиналған барлық құжат пен айғақтар тиісті процестік шешім шығару үшін құзыретті органға тапсырылды.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сай, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Қазіргі уақытта жасырын жүкке қатысы бар тұлғаларды анықтау шаралары жалғасып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







