Шымкентте өткен дөңгелек үстелде шығармашылық кәсіп иелеріне авторлық туындысын немесе брендін кепілге қойып, жаңа жобасына қаржы тартуға мүмкіндік беру ұсынылды. «Әділет» партиясы ұйымдастырған жиында шығармашылық еңбекті қорғау, өңірлерде креативті индустрияны дамыту және қазақстандық жобаларды шетел нарығына шығару жолдары талқыланды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Креативті индустрияның үлесін арттыру бастамасы
«Әділет» партиясы Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі креативті индустрияның үлесін 3 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Бұған дейін партия өкілдері Алматы облысында шығармашылық қауыммен кездескенде салаға арналған жеке заң әзірлеу туралы ұсыныс түскен. Шымкенттегі басқосуда сол бастаманы авторлар мен кәсіпкерлердің қажетіне қалай бейімдеуге болатыны сөз болды. Талқылауға шығармашылық қауыммен бірге мемлекеттік органдардың, банктер мен бизнестің өкілдері қатысты.
Партия төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов шығармашылық кәсіпті қаржыландыру, өңірлерде оған қажетті инфрақұрылым құру және зияткерлік меншікті қорғау мәселелеріне тоқталды.
«Авторға өз туындысының құнын пайдаланып қаржы тартуға жағдай жасау қажет. Сонымен қатар шығарма пайдаланылған кезде оның иесіне сыйақы төлеу тәртібін жетілдіру керек», – деп атап өтті Нұрсұлтан Байтілесов.
Кино өндірісіне рибейт тетігі және жаңа заң
Шымкентте талқыланған ұсыныстардың бірі кино өндірісіне қатысты болды. Жиынға қатысушылар фильм түсіруге жұмсалған шығынның бір бөлігін өндірушіге қайтару тетігін енгізу мүмкіндігін қарастырды. Кино саласында мұны рибейт деп атайды. Бұдан бөлек, шығармашылық кәсіпке салықтық жеңілдік беру және қазақстандық контентті шетелдік көрерменге жеткізу мәселелері көтерілді.
«Креативті экономика туралы» заң жобасын қазір Құрылтай депутаты Дархан Ахмедиев жетекшілік ететін Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті әзірлеп жатыр. Шымкенттегі кездесуде айтылған ұсыныстар жүйеленіп, заң жобасын пысықтау барысында ескеріледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







