Астана полициясы Каспий құбыр желісіне жасалған шабуылды жақтап пікір жазған желі қолданушыларына қатысты тергеу амалын бастады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған депутат Айдос Сарымның Бас прокуратураға жолдаған сауалы себеп болған. Мәлім болғандай, тергеу желтоқсанның 17-сінен бері жүріп жатыр. Қазір тергеушілер арандатушы жазбалардың авторы мен пікір қалдырған азаматтарды анықтап, нақты дәлел жинауда.
Айыпталушыларға «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тағылуы мүмкін.
Бас прокурор Берік Асылов желідегі жауапсыз жазбалар бұған дейін де құзырлы органдардың назарында болғанын еске салып, ел ішінде жалған ақпарат пен заңсыз контент таратудың салдары ауыр болатынын ескертті.
Бұған дейін депутат Сарым Новороссийскідегі КТК терминалына шабуылды құптаған қауымды «мемлекетке опасыздық жасағандармен» теңестіруді ұсынған. Оның айтуынша, украин дрондарының шабуылы Қазақстанды ай сайын жарты миллиард доллар табыстан қағып, Ұлттық қорды шығынға батыруда.
Атышулы КТК терминалы туралы біз де аз жазған жоқпыз. КТК-дағы проблемалар Қазақстанға ғана емес, сол елде жұмыс істейтін батыстық компанияларға да ауыр тиуде.
Бізге жеткен мәлімет бойынша, Украинаға бүйрегі бұратын елдердің үкіметі мен мұнай-газ компаниялары Киевті шабуылды тоқтатуға көндіріп көреді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

