Қазақстандық белгілі стендап-комик Нұрлан Сабыров Ресейге кіруіне салынған тыйым туралы алғаш рет пікір білдірді. Ол бұл туралы Пхукетте өткен концертінде әзілмен жеткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Нұрлан Сабыров Собчактың өзін қолдағанына ирониямен үн қатты:
– Ксенияға қолдағаны үшін респект, әрине. Бірақ шынын айтсам, ондай қолдаудың қажеті жоқ. Әйтпесе Ресейге кіруді 500 жылға жауып тастап, концерттерімді Сатурнның бесінші сақинасында өткізуге тура келеді, – деп әзілдеді.
Комик концертке келген көрермендердің көпшілігі тыйым салынған тұлғаны көруге қызығып келгенін айтып қалжыңдады:
– Меніңше, көбіңіз жай ғана концертке келдіңіздер, бірақ көпшілігі қылмыскерді көру үшін жиналған сияқты. Мұндай тыйым, меніңше, Зеленскийдің өзінде жоқ. 50 жыл деген не сонда, мен Дракуламын ба? – деді ол.
Нұрлан Сабыров бұл жағдайдың әсерінен енді стендаптарының барынша «патриоттық» болатынын да айтты:
«Концерттерім енді соншалықты патриоттық болады, адамдар тіпті Владимир Соловьевты «иноагент пе?» деп күмәндана бастайды», – деп әзілдеді комик.
Еске сала кетсек, бұған дейін Нұрлан Сабыровқа Ресей аумағына 50 жыл мерзімге кіруге тыйым салынған болатын. Ресейлік тарап бұл шешімді «ұлттық қауіпсіздік, заңнаманы сақтау және дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды қорғау мүддесімен» байланыстырады.
Сабыровты Мәскеудің «Внуково» әуежайында Дубайдан қайтып келген кезінде тоқтатқан. Ол өз есебінен билет алып, Қазақстанға ұшып кеткен еді. 7 ақпан күні таңертең Алматыға келіп жетті.
Кейін 8 ақпанда Сабыров жағдайды көпшілік алдында түсіндірмейтінін мәлімдеп, бұл мәселені адвокаттарына тапсырғанын жеткізген. Сондай-ақ ол Ресейде шығармашылығын дамытуға мүмкіндік берген көрермендеріне алғыс білдіріп, отбасының жеке өміріне құрметпен қарауды сұрады.
16 ақпанда Қазақстанның арнайы қызметі Нұрлан Сабыровқа қатысты тексеріс жүргізіп жатқаны туралы ақпарат пайда болды.
Тілшілеріміз Ұлттық қауіпсіздік комитеті атышулы стендап-комик Нұрлан Сабыровқа қатысты тексеріс жүргізіп жатқанын жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

