Президент Тоқаев Токио сапары барысында сумо әлемінде «Кимбодзан» есімімен танылған қазақ балуаны Ерсін Балтағұлмен арнайы кездесті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Президент балуанның Жапонияда білім алып, соңғы он жылда сумо спортында тұрақты әрі жоғары нәтиже көрсетіп жүргенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ мұны император Нарухитомен болған жүздесуде де қозғағанын жеткізді.
Ерсін Балтағұлдың спорттық есімі Кимбодзан, Кумамото префектурасының еңселі шыңының атауынан алынған. Өңір сумоның айтулы шебері, төл сумо мектебінің негізін қалаған Ояката Кисэнің туған жері.
Жапонияда кәсіби мансабын бастаған қазақ сумоисті бүгінде күншығыс елінің көрермені де, спорт мамандары да жақсы таниды. Оның дәстүрлі спорт түріндегі табысы Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдени қарым-қатынастың символына айналып отыр.

