Атышулы экс-премьер Асқар Мәминнің немере інілері Ернар мен Әлібек Мәминнің Лондындағы екі пәтерінің құны 15,7 миллион фунт стерлингтен (10,4 млрд теңге) асады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Выход к морю» Telegram-арнасының зерттеуінше, қымбат пәтерлер Лондонның беделді ауданында, Кенсиңтон бақтары мен Гайд-паркке жақын Бэйсуотерде орналасқан. Бұл аумақ бұрынғы посткеңестік елдердің жоғары лауазымды тұлғалары арасында танымал саналады.
Құжат бойынша жылжымайтын мүлік ресми түрде Ернар мен Әлібекке тиесілі болғанымен, оны толық бақылау құқығы әкелері бұрынғы премьер-министрдің туған інісі Марат Мәминде қалған. Әкесінің рұқсатынсыз інілері пәтерлерді сатуға да, жалға беруге де құқығы жоқ.
Мәминдер отбасы Lancaster Gate тұрғын үй кешенінен екі бірдей апартамент сатып алған:
Бірінші пәтерді 8,7 млн фунт стерлингке Марат Мәмин иеленіп, 2022 жылдың желтоқсанында ұлы Әлібектің атына рәсімдеген. Бір жыл бұрын 7 млн фунтқа сатып алынған көрші апартаментті үлкен ұлы Ернардың атына жазған.
Осы жылжымайтын мүліктер алынған уақытта Мәминнің екі ұлы Ұлыбританияда тұрып, кәсіп жүргізуге талпыныс жасағанымен, кейін олардың компаниялары жабылған.
Дегенмен…
Бүкіл отбасы – Марат Мәмин, жұбайы Гүлмира және олардың екі ұлы Қазақстан азаматтығынан бас тартып, Ұлыбритания азаматтығын алған.
Зерттеу дерегінше, Мәминдердің Қазақстандағы бизнесі негізінен сауда орталықтары мен ойын-сауық индустриясымен байланысты болған. Мысалы, Марат Мәмин Астанадағы «Еуразия» сауда орталығын басқарса, Ернар бірнеше салық айналымы жоғары компанияларды иеленген.
Отбасының тек Ұлыбританияда ғана емес, АҚШ пен БАӘ-де де активтері бар екені белгілі болды:
- АҚШ-та Марат Мәмин мен оның жұбайына Орландо қаласы маңындағы көл жағасында орналасқан зәулім үй және Майами маңындағы Aventura Marina Two кешенінде 278 шаршы метрлік апартамент тіркелген.
- Дубайда Al Bateen Residences тұрғын үй кешенінде құны миллион доллардан асатын пәтер де анықталды.
Ал экс-премьер Асқар Маминнің өзіне тиесілі шетелдік қымбат жылжымайтын мүлік ашық дереккөздерден әзірге табылған жоқ. 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін саясаттан алыстап, қазір Қазақстан хоккей федерациясын басқарып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







