Венесуэла оппозициясының жетекшісі, 2025 жылы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегері Мария Корина Мачадо АҚШ-тың Николас Мадуроға қарсы өткізген әскери операциясына қатысты пікір білдірді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, оппозиция елдегі билікті өз қолына алуға толық дайын.
Ол «Еркіндік сағаты соқты» деді өз үндеуінде. Мачадо сондай-ақ 2024 жылғы шілдеде өткен президенттік сайлауда оппозиция атынан түскен Эдмундо Гонсалес Уррутианың жеңіске жеткенін атап өтті. Сондықтан Мачадоның пікірінше, заңды билік иесі дәл осы Гонсалес Уррутиа.
– Гонсалес Уррутиа дереу өзінің конституциялық міндеттеріне кірісуі тиіс. Барлық офицерлер мен сарбаздар оны Венесуэла ұлттық қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы ретінде мойындауға міндетті. Біз халық берген мандатты қорғауға дайынбыз, бүгіннен бастап билікті өз қолымызға аламыз», – деді оппозиция жетекшісі.
Сонымен қатар, Мачадо ел азаматтарына жақын арада ресми арналар арқылы таратылатын хабарламаларды мұқият тыңдап, әрекет етуге дайын болуға шақырды.
– Біз тәртіп орнатамыз, саяси тұтқындарды босатып, қуатты мемлекет құрамыз, шетел асқан балаларымызды елге қайтарамыз, – деді ол үндеуінде.
Осылайша, Венесуэлада саяси биліктің ауысу мүмкіндігі артып келеді. Оппозиция басшысының мәлімдемесі елдегі саяси процестің жаңа кезеңге өтіп жатқанын анық байқатады. Бұл өзгерістің нәтижесі ел ішіндегі тұрақтылыққа ғана емес, бүкіл аймақтағы саяси ахуалға да тікелей әсер етуі мүмкін.
Ал АҚШ билігі Венесуела президенті Николас Мадуро қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сот алдында жауап береді деп мәлімдеді.

