Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) Қазақстан денсаулық сақтау саласының маңызды элементі ретінде соңғы жылдары бірқатар өзгерістерді бастан кешіруде. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ басқарма төрайымы Гүлмира Сабденбек жақында жасаған баяндамасында осы жүйеге жүргізілген кешенді талдау нәтижелерін ортаға салды. Оның айтуынша, медициналық қызметтердің сапасы мен халық денсаулығына тікелей әсер ететін қор жұмысында елеулі кемшіліктер бар, деп жазады Ertenmedia.kz.
Негізгі мәселелердің бірі медициналық қызметтер сапасы мен нәтижесіне емес, олардың көлеміне ғана бағдарланған басқару тәсілі. Бұл тәжірибе медициналық қызметтердің тиімділігін төмендетіп, шығындарды ұлғайтады. Осыған байланысты соңғы бір жарым ай ішінде қор тарапынан жүйенің тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар шаралар қабылданған.
Біріншіден, қаржы ағындарына бақылау күшейтіліп, медициналық көмектің көлемін лимиттеу және төлеу механизмдері қайта қаралды. Бұл қаржылық міндеттемелерді дұрыс басқаруға және шығындарды бақылауға мүмкіндік береді.
Екіншіден, ұйымдық құрылым оңтайландырылып, алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін бақылау контуры енгізілді. Сонымен қатар медициналық қызметтерді сатып алу, мониторинг жүргізу, жоспарлау сынды негізгі қаржылық шешімдер орталықтандырыла бастады.
Үшіншіден, жүйедегі ауытқулар мен заңбұзушылықтарды тез анықтау мақсатында жасанды интеллект негізінде аналитикалық мониторинг жүйесін енгізу қолға алынды. Бұл медициналық қызметтердің негізсіз көрсетілуін, жалған тіркеулер мен өзге де заңсыз әрекеттерді жылдам анықтауға мүмкіндік береді.
Жаңа енгізілімдердің ішінде Қордың, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктерінің, сондай-ақ медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау да бар. Бұл бүкіл жүйенің біртұтас цифрлық архитектурасын қалыптастыруға септігін тигізеді.
Сабденбек ханымның баяндамасында МӘМС-ті жаңғыртудың келесі кезеңі – МӘМС 2.0 моделі таныстырылды. Бұл модель Қордың қызметін тек төлем жасау органынан бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін талдап, болжайтын стратегиялық басқарушы органға айналдыруды көздейді.
Жаңа модельдің негізгі бағыттары мыналарды қамтиды:
1. Актуарлық басқару:
Бұл бағыт ұзақмерзімді перспективада демография, сырқат түрлері мен медициналық технологиялардың дамуын ескере отырып, қаржылық тәуекелдерді болжау механизмдерін енгізуді қарастырады. Бұл әдіс денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржылық теңгерімсіздіктерді алдын ала анықтап, оларды жоюға мүмкіндік береді.
2. Тәуекелге бағдарланған модель:
Бұл жүйеде медициналық мекемелер senim (сенім), baqylau (бақылау), qauyp (қауіп) деген үш тәуекел санатына бөлінеді. Бұрын заң бұзбаған мекемелер жұмысты жеңілдетілген режимде жалғастырады, ал тәуекел тобына жататын ұйымдар қосымша аудит пен бақылауға алынады.
3. Цифрлық антифрод-қадағалау:
Бұл заманауи аналитикалық жүйе медициналық қызмет көрсетуде орын алатын жалған тіркеулерді, негізсіз емдеуге жатқызулар мен қызметтердің қайталануын автоматты түрде анықтап отырады. Осындай цифрлық құралдар халықаралық тәжірибеге сүйенсек, денсаулық сақтау шығындарын 5-10%-ға дейін қысқарта алады.
4. Бірыңғай цифрлық архитектура:
Бұл цифрлық платформа медициналық көмекке төлем жасаудан бастап қаржыландыру процестерін жоспарлауға дейінгі барлық қаржылық үдерістерді біріктіреді. Платформада ақша ағындары толық бақыланып, цифрлық теңге қолданылады. Қазіргі таңда «СК-Фармациямен» бірлесіп цифрлық теңгені дәрілік заттарды сатып алу жүйесінде қолдану жобасы басталды.
Қорыта келгенде, ұсынылып отырған МӘМС 2.0 моделі – тек қаржы бөлу мен қызметтерге ақы төлеумен шектелмей, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруды, сапаны жақсартуды және халық денсаулығының көрсеткіштерін көтеруді мақсат етіп отырған стратегиялық бастама. Бұл шаралар Қазақстан денсаулық сақтау жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз.
Өт қабының бүкіл ас қорыту жүйесінің жұмысын реттеуде атқаратын өз міндеті бар. Оның негізгі қызметі бауырдан келетін өт сұйықтығын жинап, оны он екі елі ішекке қажет кезде ғана шығарып отыру.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







