Бас прокуратура «Эпштейн файлдарына» қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Бұл туралы Ақорда кулуарында Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Күні кеше Мәжілісте депутат Асхат Рахымжанов Бас прокурор мен ҰҚК төрағасына сауал жолдап, Джеффри Эпштейнмен байланыста болуы мүмкін қазақстандық жоғары лауазымды тұлғаларды тексеруді сұраған. Депутат атышулы Кәрім Мәсімовтің атын атаған еді.
«Кәрім Мәсімов Эпштейн жазбаларында кемінде 8 рет аталады. Осыдан-ақ Эпштейн мен Мәсімовтің бір-бірін жеке танитыны анық көрінеді», – деді депутат.
Берік Асылов депутаттың сауалынан кейін ведомство осы мәселені мұқият зерттей бастағанын жеткізді.
«Әрине, мәселе өте маңызды. Депутат енді ғана сауал жолдады. Бірақ осы бір тақырып қазір әлемдік деңгейде талқыланып жатыр. Сондықтан құқық қорғау органы ретінде біз осы фактілердің рас-өтірігін тексеруге кірістік», – деді Бас прокурор.
Түрмедегі Мәсімовты тағы бір тергеу күтіп тұр
Асылов нақты фамилияларды атамағанымен, журналистердің Кәрім Мәсімов туралы нақтылаған сауалына алдын ала тексеру басталғанын растады.
«Алдын ала тексеріс басталды. Депутат Эпштейннің Қазақстанға келу-келмеуін сұрады. Осы бағытта тексеру жүріп жатыр. Ал Келімбетовтің шетелге шығуы туралы ақпаратты қосымша анықтаймыз», – деді ол.
Айта кетейік…
«Эпштейн файлдары» америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейннің секс-трафик пен кәмелетке толмағандарды жыныстық қанау ісіне қатысты сот құжаттары, куәгерлік жауаптар мен байланыс тізімдерінен тұратын ауқымды деректер жиынтығы. Онда Эпштейннің Кариб теңізіндегі аралына барған немесе оның жеке ұшағымен ұшқан әлемге әйгілі саясаткерлер, бизнесмендер, ғалымдар мен Голливуд жұлдыздарының есімдері бар.
Тізімде Ұлыбритания ханзадасы Эндрю, АҚШ-тың бұрынғы және қазіргі президенті Билл Клинтон мен Дональд Трамп сынды танымал тұлғалардың есімі жиі аталады. Эпштейннің түрмедегі өлімінен кейін сот органдары осы құжаттарды біртіндеп жариялап жатыр.
Айтқандай, Бейжіңде бірнәрсе болап жатыр. Президент Си тағы 19 шендіні биліктен шеттетіп, зынданға тастаған екен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







