Бүгін Сенатта «Ұлттық мүдде» диалог алаңының отырысы өтті. «Саяси жаңғыру: Әділетті Қазақстанның конституциялық моделі» деген тақырыпта ұйымдастырылған басқосуда Конституциялық реформалардың мәні мен жаңа мемлекеттік құрылымның мазмұны талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы бастамашы болған конституциялық өзгерістер мемлекеттілікті дамытудағы маңызды кезең екенін атап өтті. Оның пікірінше, қолға алынған жаңғыру – жекелеген салаларды ғана емес, мемлекетті басқарудың толық моделін қамтиды.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда ауқымды конституциялық реформалар жайлы айтты. Мемлекет басшысы еліміздің мемлекеттік құрылысы жаңа кезеңге аяқ басқанын мәлімдеді. Бұл жәй ғана түзету мен толықтыру емес. Қазіргі замандағы сын-қатерлерге бейімделген түбегейлі өзгеріс. Сондықтан осындай маңызды уақытта бірлігімізді сақтап, Президент ұсынған өзгерістерді іске асыруда жұмыла әрекет етуіміз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата Спикері реформа ауқымды және жүйелі сипатта жүзеге асатынын айтты. Конституцияның шамамен 80 нормасына өзгеріс енгізу жоспарланған. Бұл негізгі заңымыздың 84 пайызы. Енгізілетін өзгерістер парламенттің рөлін күшейтуді, депутаттардың дербестігін арттыруды және заң шығару процесін жетілдіруді көздейді. Сонымен қатар партиялық жүйені нығайту мен саяси бәсекелестікті арттыру мәселелері қарастырылған.

Реформаның тағы бір маңызды бағыты Халық кеңесін құру. Бұл алаң мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты дамытып, ұлттық идеология мен құндылықтарды талқылайтын институт болады. Кеңеске заң шығару бастамасын ұсыну құқығы беріледі. Бұған қоса, вице-президент лауазымын енгізу мен Конституция преамбуласын жаңарту ұсынылды. Бұл өзгеріс ел тарихының сабақтастығын көрсетіп, Әділетті Қазақстан құруды басты мақсат ретінде бекітуді көздейді.
– Қазақстан ұлттық жаңғыру кезеңіне қадам басты. Қоғамға осы өзгерістердің маңызын дұрыс жеткізу өте өзекті. Осы ретте зиялы қауым мен қоғам қайраткерлерінің жауапкершілігі үлкен. Ұлттық бірлікті бекемдеп, ортақ мүддеге бірігуіміз керек. Саяси жаңғырудың түпкі мақсаты мемлекеттілік пен Тәуелсіздікті нығайту. Алдағы уақытта конституциялық реформаларды жүзеге асыруға зиялы қауым мен сарапшылар қауымы белсенді атсалысады деп сенемін, – деді Сенат Төрағасы.
Диалог алаңына сенаторлармен қатар қоғам қайраткері Қойшығара Салғараұлы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Жамаладен Ибрагимов, «Ел тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ерлан Сайлаубай, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Парламентаризм институтының басшысы Шолпан Саймова және Nazarbayev University доценті Серік Оразғалиев қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Конституцияға енгізілетін жаңа өзгерістерде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» секілді негізгі идеялық қағидаттарды нормативтік тұрғыда бекіту керектігін айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

