Еңбекшіқазақ ауданындағы жас жұбайлар – Айзат Дәуке мен Айнұр Жұмабай өмірдің ең бақытты сәтін республикалық референдумдағы азаматтық парызын орындаумен ұштастырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Есік қаласындағы №125 дауыс беру учаскесіне қол ұстасып, қуанышты көңіл күймен келген жас отбасы өз таңдауларын жасап, ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің мәнін айқындай түсті. Айта кетерлігі, олар дәл осы күні мешітте неке қию рәсімін өткізуді жоспарлаған.
Отбасының отағасы, APL Construction газбен қамту компаниясының қызметкері Айзат Дәуке бұл күннің жеке өмірінде ғана емес, ел өмірінде де ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
– Біз бүгінгі таңдауды тек өзіміз үшін ғана емес, болашақ ұрпағымыз үшін де жасадық. Ел ертеңіне үлес қосып жатқаныма қуаныштымын. Бұл сәт біз үшін өте маңызды әрі ерекше толқытатын күн, – деді Айзат.
Жас жұбайлардың жылы қарым-қатынасы мен бір-біріне деген ілтипаты учаскедегі тұрғындардың да көңілін көтеріп, оларға ерекше әсер қалдырды. Дауыс беру рәсімінен кейін Айзат пен Айнұр осы тарихи күнді естелік суретпен мәңгі есте қалдырды.
Жас отбасының бұл қадамы ел тағдырына бейжай қарамаудың жарқын үлгісін көрсетіп, азаматтық жауапкершіліктің көрінісіне айналды. Мұндай сәттер – аға буын мен жастар арасындағы ұрпақтар сабақтастығының айқын дәлелі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







