Маңғыстаулық соғыс ардагері Василий Салазкин жерлестерін бейбіт өмірдің қадірін түсініп, болашақ үшін дұрыс таңдау жасауға шақырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Маңғыстау облысында тұратын 99 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Салазкин аймақ тұрғындарына арнап үндеу жолдады. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен ардагер бүгінгі ұрпаққа бейбітшілік пен тыныштықтың құндылығын есте сақтап, оның қандай қымбат бағамен келгенін ұмытпау керектігін баса айтты.
Ардагердің айтуынша, соғыс жылдары ел үшін үлкен сын болды. Халқымыздың батырлығы мен табандылығы арқасында ғана жеңіске жетіп, бүгінгі бейбіт өмірге қол жеткіздік.
Василий Салазкин қазіргі таңда бірлік пен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол кейінгі ұрпақтың тарихты ұмытпай, майдангерлердің ерлігіне құрметпен қарап, ел болашағына зор жауапкершілікпен қарауы керектігіне тоқталды.
– Мен осы бейбіт күн үшін жанымды беріп, майдан даласында шайқастым. Бүгінгі тәуелсіз әрі тыныш өмірімізді бағалайық, өзара татулық пен келісімді сақтайық. Біздің әрқайсымыз дұрыс таңдау жасап, балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы үшін жауаптымыз, – деді ардагер өз сөзінде.
Сонымен қатар, Василий Салазкин халықты ел тағдырын айқындайтын саяси іс-шараларда белсенді болуға шақырып, ел мүддесі жолында дұрыс шешім қабылдау керектігін жеткізді.
Айтқандай, таяуда Маңғыстау облыстық мәслихатының кезектен тыс XXVI сессиясы өтті. Жиын барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







