Павлодар облысының Майқайың кентінде қоғамды елең еткізген «мумиялар ісі» бойынша жаңа мәліметтер жария болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Полиция дерегіне сәйкес, аталған факті бойынша екі баппен қылмыстық іс қозғалған. Олар – «қайтыс болған адамның денесін қорлау» және «алаяқтық». Тергеу барысында отбасы мүшелерінің әрекеттері жан-жақты тексеріліп жатыр.
Алдын ала мәліметтерге қарағанда, Майқайың тұрғыны бірнеше ай, тіпті жыл бойы өз үйінде марқұм күйеуі мен қызының мәйітін сақтаған. Онымен қатар, қайтыс болған отағасының зейнетақысы жүйелі түрде шешіліп отырғаны анықталған.
Қайғылы жағдай биыл ақпан айында әшкереленді. Жеке тұрғын үйдің бірінен 67 жастағы ер адамның денесі табылса, сол аумақта орналасқан тағы бір құрылыстан оның 39 жастағы қызының мәйіті шыққан. Екі дене де мумияланған күйде болған. Сол үйде марқұмның жұбайы, үлкен қызы және алты жастағы немересі бірге тұрған.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, кішкентай қыз анасының денесіне жақындап, оны бал мен маймен сүртіп отырған. Кейін жерлеу рәсімінен соң қойылған құлпытастардағы деректер арқылы ер адамның шамамен жарты жыл бұрын, ал қызының екі жылдан астам уақыт бұрын қайтыс болғаны белгілі болған.
Тергеу материалдарына сүйенсек, марқұм әйел онкологиялық дертке шалдыққан. Соған қарамастан медициналық көмекке жүгінбеген және тиісті әлеуметтік төлемдерді алмаған. Ал әкесінің зейнетақысы керісінше, тұрақты түрде алынған.
Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі қазіргі уақытта кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оның ішінде сот-психологиялық және психиатриялық сараптамалар тағайындалған.
Күдікті ретінде қарастырылып отырған екі әйел арнайы психиатриялық мекемеге орналастырылып, ем қабылдап жатыр. Ал кәмелетке толмаған бала тексеруден кейін Екібастұз қаласындағы мемлекеттік мекемеге уақытша орналастырылған. Қазіргі таңда іс қоғам назарында қалып отыр, ал құқық қорғау органдары барлық мән-жайды толық анықтауға кіріскен.
Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы күрес комитетінің басшысы Данияр Мейрханға қатысты тексеру бастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







