Қазақстанда мал шаруашылығын дамытудың алдағы бес жылға арналған жаңа жоспары бекітілді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрлік фермерлерді арзан несиемен қамтамасыз етіп, асыл тұқымды мал санын күрт арттыруды көздеп отыр.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бағдарламаның басты мақсаты мал басын көбейту, өнімділікті арттыру және саладағы өндіріс көлемін еселеп өсіру. Бірақ бұл міндеттер өңірлердегі әкімдіктердің белсенді араласуынсыз шешілмейді.
Фермерлерді қолдау үшін бірқатар тиімді несие бағдарламалары іске қосылмақ:
Асыл тұқымды мал сатып алуға барлық шаруаларға жылдық 6%-бен жеңіл несие беріледі.
Сондай-ақ шалғайдағы жайылымдық жерлерді игеру үшін де жылдық мөлшерлемесі 6%-дық жаңа өнім пайда болады. Қаражат жайылымдарды суландыруға, қажетті инфрақұрылым тартуға және малшыларға арналған жылжымалы вагондар сатып алуға жұмсалмақ.
Ал айналым қаражатына қиналған шаруалар енді жем-шөп, жанар-жағармай және ветеринариялық дәрі-дәрмек сатып алуға 5%-дық арзан несие ала алады. Бұрын осы мүмкіндік тек құс фабрикалары мен бордақылау алаңдарына ғана қолжетімді еді, енді бүкіл мал шаруашылығына таралады.
Министрлік несие беру процесіне өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен «Даму» қорын да тартып отыр. «Даму» қоры кепілдік беру арқылы несие алуды жеңілдетпек.
Бағдарлама қаржыландырудан бөлек, технология мен ветеринария саласын жетілдіруді де қамтиды. Мысалы, малдың генетикалық әлеуетін күшейту үшін арнайы эмбрионалды көбейту зертханасы ашылмақ.
Сонымен бірге ветеринариялық инфрақұрылымды түбегейлі жаңартып, қазақстандық еттің экспорттық мүмкіндігін арттыруға басымдық беріледі.
«Жоспар дайын, ендігі жауапкершілік жергілікті әкімдіктерде. Жұмыс үйлесімді жүрсе, ауыл шаруашылығы саласында жаңа серпіліс болады», – деді Айдарбек Сапаров.
Айта кетелік, бұған дейін экс-Ауылмин Асылжан Мамытбеков ет экспортына тыйым салған Сапаровтың шешімін сынап тастаған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

