Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен еліміздің жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған актив жиыны өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Басқосуға аудан және қала әкімдері, басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының жетекшілері, кәсіпорын басшылары мен қоғам өкілдері қатысты.
Облыс басшысы өз сөзінде жаңа конституциялық реформа халық билігі, заң үстемдігі және билік тармақтарының тепе-теңдігі сияқты негізгі қағидаттарға сүйенетінін атап өтті.
– Халқымызда «Елу жылда – ел жаңа» деген сөз бар. Әр кезеңнің өз талабы, өз міндеті болады. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 21 қаңтардағы Жарлығымен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылды. Бұл комиссия ашықтық, инклюзивтілік және кең қоғамдық диалог ұстанымдары негізінде жұмыс істеп жатыр. Әділетті әрі жауапты мемлекет қалыптастыруға бағытталған реформаларды сапалы жүзеге асыру – баршамыздың ортақ парызымыз, – деді облыс әкімі.

Жиында Маңғыстау өңірінен Конституциялық комиссия құрамына кірген облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев пен Қоғамдық кеңестің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов сөз алып, комиссия аясында көтерілген ұсыныстар мен атқарылған жұмыстар туралы хабардар етті.
Кездесу соңында Нұрдәулет Қилыбай реформалардың мәнін халыққа дұрыс жеткізу, қоғамдық келісімді нығайту және ұлттық бірлікті сақтау мәселелеріне ерекше тоқталды. Жиынға қатысушылар жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді.
Бұған дейінде Маңғыстау облысында Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан бастамаларын талқыланғанын тілшілеріміз жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

