Маңғыстау облысында белгілі балалар ақыны әрі сазгер Көмек Ыбырайұлы отбасымен бірге республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ақтау қаласының 32А шағынауданындағы №29 мектепте орналасқан №248 дауыс беру учаскесіне келген ақын ел өміріндегі саяси шараның маңыздылығына тоқталды.
«Бүгін біз отбасымызбен келіп, азаматтық таңдауымызды жасадық. Конституциямызға өзгеріс енгізу бойынша референдум уақтылы әрі маңызды қадам болып отыр. Бұрынғы Конституция қабылданғаннан бері отыз жылдай уақыт өтті. Осы аралықта өміріміздің барлық саласы – мәдениет, экономика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп қарқынды дамыды. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект сияқты көптеген ғылыми жетістіктер өмірімізге еніп, саяси көзқарасымыз да жаңаша қалыптасуда. Сондықтан Конституцияның жаңаруы – заман талабы. Бұл тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбегін ерекше атап өту керек. Конституцияның жаңаруы – жаңа Қазақстанның жарқын болашағына бастайтын маңызды қадам», – деді Көмек Ыбырайұлы.
Айта кетейік, аталған референдум учаскесінде халықтың белсенділігі жоғары деңгейде. Қала тұрғындары өздерінің азаматтық жауапкершілігін сезініп, ел болашағы үшін өз таңдауларын жасауда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







