Маңғыстау облысында Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтіп, ұлттық дәстүр мен заманауи технология үйлескен ерекше форматымен ерекшеленді. Жалпы өңір бойынша мерекелік шараларға 60 мыңнан астам адам қатысып, 134 киіз үй тігілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Негізгі мерекелік алаң Ақтау қаласында ұйымдастырылды. Каспий теңізінің жағалауына 25 мыңнан астам адам жиналып, 33 киіз үй орнатылды. Биылғы Наурыздың басты жаңалығы – «Digital Nauryz» жобасы болды.
Цифрлық киіз үйде келушілерге заманауи технологиялар таныстырылды. Адам тәрізді «Наурыз» роботы, «Тазы» робот-иті және шай құятын «Shai-tech» жобасы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар VR/AR технологиялары, виртуалды ойындар және Қазақ хандығы дәуіріне арналған арнайы жобалар ұсынылды.
22 наурыз күні мереке «Берекелі Наурыз – мерекелі шеру» атты ұлттық шеруімен басталды. Ұлттық киім киген тұрғындар, өнерпаздар мен этномәдени бірлестіктер көшелерде жүріп өтті.

Амфитеатр сахнасында театрландырылған қойылым көрсетіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Қазақ күресі, ләңгі тебу, арқан тарту секілді сайыстарға түрлі өңірлерден келген қатысушылар қатысты.
Концерттік бағдарламада белгілі әншілер мен шетелдік өнерпаздар өнер көрсетіп, мереке облыстық филармония әртістерінің концертімен аяқталды.
Аудандарда да мереке қызу өтті. Бейнеуде 23 киіз үй тігіліп, 8 мыңнан астам адам жиналды. Түпқарағанда 2 мыңнан астам тұрғын қатысып, цифрлық жобалар таныстырылды.
Жаңаөзенде бірнеше күнге созылған мерекеге 10 мыңнан астам адам қатысып, 31 киіз үй орнатылды. Мұнда да робототехника көрмесі ұсынылды.

Қарақия, Маңғыстау және Мұнайлы аудандарында да ұлттық форматтағы шаралар ұйымдастырылып, мыңдаған тұрғын Наурыз думанына куә болды. Жалпы, Маңғыстаудағы Наурыз мерекесі дәстүр мен технологияны үйлестіріп, өңір тұрғындарына ерекше әсер сыйлады.
Маңғыстау облысында Наурыз мерекесі қарсаңында жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Ақтау қаласында халықаралық стандарттарға сай салынған мұз сарайының ашылуы өңірдегі спорт инфрақұрылымының дамуына тың серпін берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







