Маңғыстау облысында таңмен таласа дауыс беруге келген алғашқы сайлаушыларға арнайы сыйлықтар табысталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгін, 15 наурызда, таңғы сағат 07:00-ден бастап өңірдегі барлық референдум учаскелері өз жұмысын бастады. Аймақ тұрғындары да ертемен азаматтық белсенділік танытып, дауыс беру учаскелеріне ағылып келуде.
Барлық дауыс беру учаскелері заң талаптарына сай жабдықталып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған. Учаскелер қажетті техникалық құралдармен толық қамтылған, дауыс беру процесінің ашық әрі әділ өтуі үшін бақылаушылар мен комиссия мүшелері өз міндеттерін мұқият атқаруда.
Таңертеңнен бастап учаскелерде тұрғындардың белсенділігі жоғары. Алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасаған сайлаушыларға қалыптасқан жақсы дәстүр бойынша арнайы сыйлықтар табысталып, ақ тілектер айтылды.
Мұндай игі бастама халықтың азаматтық белсенділігін арттыруға және дауыс беру мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында облыс тұрғындары тіркелген жерлері бойынша учаскелерге барып, өз таңдауларын жасай алады.
Маңғыстауда 261 референдум учаскесі есігін ашты. тұрғындар белсенді дауыс беруде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







