Маңғыстау облысында емдік-сауықтыру туризмін дамытуға бағытталған жаңа жоба таныстырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
20 мамыр күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Tree Of Life» ЖШС өкілдерімен және шетелдік жобалық компания мамандарымен кездесті. Жиында өңірде салынуы жоспарланып отырған санаторий-курорттық кешеннің жобасы қаралды.
«Tree Of Life» ЖШС Маңғыстау облысының жағалау аймағында термалды суларды тиімді пайдалану арқылы заманауи санаторий және емдеу-сауықтыру орталығын салуды жоспарлап отыр. Жоба Еуропадағы үздік санаторийлік кешендерді жобалаған шетелдік компанияның қатысуымен әзірленген.
Жобаның жалпы құны 20-25 млрд теңге көлемінде бағаланып отыр. Инвесторлар жаңа кешен өңірдің туристік әлеуетін арттырып, Маңғыстауда емдік-сауықтыру туризмін дамытуға серпін береді деп күтеді.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстаудың инвестициялық тартымдылығына тоқталып, туризм саласын дамыту өңір үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, емдік-сауықтыру бағытындағы жобалар облыс экономикасын әртараптандыруға, қызмет көрсету саласын кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
«Туризм және емдік-сауықтыру бағытындағы жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Облыс әкімдігі өз тарапынан инвестициялық жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», деді Нұрдәулет Қилыбай.
Кездесу қорытындысында тараптар жобаны іске асыру тетіктерін және алдағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Маңғыстау үшін мұндай бастаманың маңызы жоғары. Өңір теңіз жағалауы, табиғи ландшафт, тарихи орындар және термалды су көздері арқылы туризмнің бірнеше бағытын қатар дамытуға мүмкіндік алады. Егер жоба жүзеге асса, облыс тек жағажай немесе тарихи туризммен шектелмей, емдік-сауықтыру қызметтері арқылы да жаңа туристік нарыққа шыға алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







