Қырғызстанда экс-қауіпсіздік қызметінің басшысы Қамшыбек Тәшиев Ораза айт намазына қатысып, қоғамға үндеу жасады. Бұл оның елге оралғаннан кейінгі алғашқы жария көріністерінің бірі болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
20 наурыз күні ол Бішкек қаласындағы «Жал» ықшамауданындағы мешітте айт намазына қатысты. Қасында Ош қаласының бұрынғы әкімі Женишбек Токторбаев болған.
Журналистерге берген қысқаша пікірінде Тәшиев барша халықты мерекемен құттықтап, елге тұрақтылық тіледі. Сонымен қатар қасиетті Рамазан айында өзіне қатысты жағымсыз пікір айтқандарды кешіргенін жеткізді.
– Барлығын Алла разылығы үшін кешірдім. Келешекте жалған ақпарат таратпайды деп үміттенемін, – деді ол. Айта кетейік, бұған дейін 10 ақпанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың жарлығымен Ташиев қызметінен босатылған болатын. Сол кезде ол Германияда ем қабылдап жүрген.
13 ақпанда елге оралып, емін толық аяқтай алмағанын айтқанымен, бірнеше күннен кейін қайта шетелге кеткен. Ал 19 наурызға қараған түні Қырғызстанға қайта келген.
Келесі күні ол Ішкі істер министрлігінің тергеу басқармасына жеткізіліп, бірнеше сағаттан кейін босатылған. Тергеу аясында одан ақпаратты жария етпеу туралы қолхат алынған. Сарапшылардың пікірінше, Ташиевтің қоғамдық алаңға қайта шығуы елдегі саяси процестердің әлі де жалғасып жатқанын көрсетеді.
«Қазір ренжісе, кейін рахмет айтады» деп Жапаров Тәшиевті биліктен біржола аластатқанын тілшілеріміз жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







