Бүгін шекара шебіндегі Мақаншы ауданының орталығындағы көп жылдан бері құрылысы аяқталмай келген нысан ел игілігіне берілді. Жоба республикалық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Үш қабатты ғимаратта 15 орындық күндізгі стационар, ауысымына 100 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория, зертханалық диагностика, әйелдер консультациясы, хирургия, стоматология және гинекология кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар, ем-шара бөлмесі, тіркеу орны, күту аймақтары және басқа да қажетті кабинеттер қарастырылған. Амбулатория еуропалық үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Облыс әкімі Берік Уәли жаңа ғимараттың ашылуына қатысып, шалғайдағы ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты.

– Көктемде келгенде осы ғимаратқа қаржы бөлеміз деп уәде бергенбіз. Бүгін міне соның ашылуында жиналып отырмыз. Бұл нысан құрылысы 27 жылдан астам уақыт аяқталмай тұрып қалған сақалды құрылыс болатын. Аудан халқының қажеттілігіне қызмет етуі тиіс медициналық мекеменің жеке ғимаратта, тұрақты жұмыс істеуі маңызды екенін ескеріп, Мақаншы күндізгі стационарлы әйелдер консультациясы бар дәрігерлік амбулаториясының құрылысын үнемі бақылауда ұстадық. Мердігер компания құрылысты сапалы жүргізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Мемлекет денсаулық сақтау жүйесін дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Осы ретте бұған дейін түрлі аймақта бой көтерген көпбейінді ауруханаларды бюрократиялық шырғалаңға салмай, пайдалануға беру қажет.
Сондай-ақ мұндай жаңа нысандар салуды жалғастыра берген жөн» деп денсаулық сақтау саласындағы түйткілді мәселелерді жоюға нақты тапсырма берген болатын. Президент тапсырмаларын орындау мақсатында биыл облысымызда денсаулық сақтау саласын дамыту, халықтың өмір сапасын жақсартып, заманауи медициналық мүмкіндіктерге қол жеткізу мақсатына көптеген шаруалар атқарылып жатыр.
Мақаншы ауданында 1976 жылдан бастап аудандық аурухананың бас ғимараты күрделі жөндеу жасалмаған екен. Ауданға жұмыс сапарым кезінде арнайы келіп көріп, жәй-күйімен танысып, қаржы бөлуге шешім қабылдадық. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Келесі жылы пайдалануға беріледі. Шекара шебіндегі, туристік әлеуеті зор аудан Мақаншы ауданының медициналық нысандарын жаңғырту жұмыстары жалғасын табады, – деді аймақ басшысы.

Денсаулық саласына 6,9 млрд теңге бағытталған
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аудандағы 8 елді мекенде дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы жүргізіліп, қолданысқа берілді. Нысандар заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілген.
Осы бағдарлама аясында облыс бойынша былтыр 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары салынды. Сондай-ақ, арнайы мемлекеттік қордан 5,6 млрд. теңге бөлініп, 3 әлеуметтік нысан салынып жатыр. Жалпы, биыл денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6,9 млрд. теңге бағытталды.

