Марс планетасының бетінде бұрын су болғаны туралы дәлелдер артып келеді. NASA-ның «Perseverance» марсоходы георадар көмегімен жер астынан ежелгі өзен атырауының іздерін анықтады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Зерттеу Жезеро кратерінде жүргізілген. Бұл аймақ Марстың солтүстік жарты шарында орналасқан және бұрын суға толы көл болған деген болжам бар. Марсоход 6,1 шақырым жүріп өтіп, 35 метр тереңдікке дейінгі геологиялық қабаттарды зерттеген.
Ғалымдар қабатталған шөгінділер мен эрозияланған беттерді анықтап, бұл жердің өзен атырауы болғанын растады. Мұндай атыраулар өзеннің үлкен су айдынына құятын тұсында қалыптасады. Зерттеулерге сәйкес, бұл құрылым шамамен 3,7-4,2 миллиард жыл бұрын пайда болған.
Бұл кезең Марстың бастапқы қалыптасу уақытына жақын. Яғни, планета тарихының ерте кезеңінде-ақ онда су ағындары болған.
Ғалымдардың айтуынша, жер астынан табылған бұл атырау бұған дейін белгілі болған «Батыс атыраудан» да көне. Бұл Марста су жүйелері бірнеше кезеңде қалыптасқанын көрсетеді.
Марсоходтағы RIMFAX құрылғысы радиолокациялық импульстар жіберіп, жер астындағы құрылымды үш өлшемді түрде картаға түсіреді. Соңғы деректер 2023 жылдың қыркүйегінен 2024 жылдың ақпанына дейін жиналған.
Судың болуы Марста өмірдің болған-болмағанын анықтаудағы басты фактор. Ғалымдар бұл аймақ биосигнатураларды сақтауға қолайлы орта болған деп есептейді. Биосигнатура тіршіліктің химиялық немесе физикалық ізі.
Жер бетінде өзен атыраулары микроорганизмдердің тіршілігіне қолайлы орта саналады. Сондықтан Марстағы осындай құрылымдар ғалымдар үшін ерекше қызығушылық тудырады.
Бұған дейін де «Perseverance» жинаған жыныс үлгілерінде ежелгі микробтық өмірге ұқсас белгілер табылған. Дегенмен бұл белгілердің нақты биологиялық немесе бейорганикалық жолмен пайда болғаны әлі анық емес.
Марс бүгінде суық әрі тіршілікке қолайсыз планета. Бірақ өткен заманда оның атмосферасы тығыз, климаты жылы болғаны туралы деректер көбейіп келеді. Бұл кезде планетада сұйық су еркін ағып жатқан.
Ғалымдар Марсты зерттеу жалғасқан сайын оның өткен өмірі туралы жаңа деректер ашыла береді деп есептейді.
Айтқандай, Джонс Хопкинс университетінің ғалымдары астероид соққысынан кейін планетаның сынықтарына ілініп қалған бактериялардың ғарышта саяхаттап, басқа ғаламшарларға, тіпті Жерге жетіп, тірі қалуы мүмкін екенін дәлелдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







